«ҰИМТ» АЭА аумағында 2 600 жұмыс орны құрылды

Сейсенбі күні Қазақстан үкіметінің отырысында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарды дамыту мәселелері қаралды.

ҚР Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов отырыста хабарлағандай, 2019 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша  «Ұлттық индустриялық  мұнай-химия  технопаркі» АЭА (ҰИМТ) аумағында өндірілген өнімнің көлемі 10,1 млрд теңге құрады. Сонымен қатар 2600 жұмыс орны құрылған.

«ҰИМТ» АЭА Атырау облысында 25 жылға, яғни 2032 жылды қоса алғандағы мерзімге құрылған. Мұнай-химия технопаркінің қызметін үйлестіруді ҚР Энергетика министрлігі жүзеге асырады.

Арайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 3 476 га құрайды. Оның ішінде Қарабатан телімінің ауданы 1 491 га, Теңіз– 100 га, Теңізден Қарабатанға дейін өнім жеткізу құбырымен  – 1 600 га, Атырау қаласындағы технопарк – 285 га құрайды.

Вице-министрдің айтуынша, ҰИМТ инфрақұрылымының дайындығы оның жалпы құнының 30-40 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда АЭА аумағында 16 қатысушы тіркелген.

АЭА негізгі жобалары жалпы құны $9 млрд полипропилен және полиэтилен өндірісі болып табылады.Тек осы екі өнімнің ғана ЖІӨ-ге қосатын үлесі 1,5% құрайтын болады.

«Бұдан басқа, АЭА аумағында жеке инвесторладың полиэтилентерефталат, метанол және циклогексан өткізуі күтіледі, олардың пысықталу деңгейлері әртүрлі сатыда», – деп хабарлады Әсет Мағауов.

Бұл жобалар, оның деректері бойынша, $2,5 миллиардқа жуық инвестиция тартып, құрылыстарды салу кезеңінде 10 000-ға дейін және пайдалану кезеңінде 1 500-ге дейін жұмыс орнын құрады.