Энергетика министрлігінде Теңіз кен орнында орын алған жағдайға түсініктеме берілді

2019 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Теңіздегі ККЖ-СҚБЖ жобасындаәртүрлі ұйымдардың 37 900 қазақстандық және 1900 шетелдік жұмыскерлері еңбек етеді деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

«Энергетика министрлігі Үшінші буын зауытының құрылыс алаңындағы жұмыстың тез арадағы уақытта қайта басталуына мүдделі», – делінген ведомствоның сайтында жарияланған хабарламада.

Аталып көрсетілгендей, энергетика бірінші вице-министрі Махамбет ДосмұхамбетовАтырау облысының және «Теңізшевройл» компаниясының (ТШО)басшылығымен еңбек жағдайлары, жобадағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Үшінші буын зауытының құрылыс алаңындағы жұмыс графигіне шамалы өзгеріс енгізу сұрақтарын талқылады.

«Қазіргі мезетте жұмысшылардың арасындағы жанжал реттелді. ТШО Үшінші буын зауытының алаңындағы жұмыстар жуырда штаттық режимде жалғастырылатын болады. ССЕР қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық бағалауды тиісті мемлекеттік органдар мен қызметтер береді», – деп атап көрсетілді ведомствода.

Естеріңізге сала кетелік, 29 маусымда «Теңізшевройл» ЖШС компаниясының Келешек кеңейту жобасының (ККЖ-СҚБЖ) Үшінші буын зауытының құрылыс алаңында ​«Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore» (CСЕР) мердігерлік компаниясының қызметкерлері арасында тұлғааралық жанжал орын алды. Компания үшінші буын зауытында электрмеханикалық жабдықтарды монтаждау және салу жұмыстарын жүргізеді.

1 шілдеде ТШО-да өткен баспасөз конференциясының барысында «Теңізшевройл» ЖШС компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев қазір Теңізде тексерістер жүргізіліп, орын алған уақиғаның себептері айқындалуда екендігін хабарлады. Ол жұмыс тек Үшінші буын зауытында ғана тоқтатылғандығын, қалған объектілердің барлығында жұмыстардың жалғастырылып жатқандығын атап өтті.

Жанжалдың нәтижесінде барлығы 40-тан аса адам зардап шеккен, оларға компанияның клиникаларында медициналық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар ТШО өкілі келеңсіз оқиғаның орын алуы себепті компанияның ССЕР-мен келісімшартты бұзғандығы туралы сыбыстарды жоққа шығарды.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Теңіздегі ККЖ-СҚБЖ жобасында әртүрлі ұйымдардың 37 900 қазақстандық және 1900 шетелдік жұмыскерлері еңбек етеді.

Анықтама  үшін

«Теңізшевройл» ЖШС 2016 жылы Теңіз кен орнында құны $37 млрд.​ құрайтын Келешек кеңейту жобасы (ККЖ) бастау алғандығы туралы хабарлады.

ККЖ жобасын іске асыру Теңіз кен орнында мұнай өндіруді 12 млн тоннаға ұлғайтып, жылдық деңгейді 39 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

1993 жылдан бастап 2018 жылды қоса алғандағы аралықта ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей қаржылық төлемдері $135 млрд.-тан асты, оның ішіне қазақстандық қызметкерлерге жалақы, отандық тауар өндірушілер мен жеткізушілерден тауарлар мен қызметтер сатып алу, мемлекеттік кәсіпорындарға төлемдер, қазақстандық әріптеске дивидендтер төлеу, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке аударылатын салықтар мен роялти түріндегі төлемдер кіреді.

Соның ішінде салықтар түрінде $92,2 млрд аударылды, ҚМГ үлесіне дивидендтер төлеу $10,3 млрд. құрады.

2018 жылы Қазақстан Республикасына тікелей төлемдер $10,1 млрд-тан асты.