НКОК Қазақстанда өндірілген тауарларды сатып алуға неше қаржы жұмсады?

2004 жылдан бастап 2018 жыл аралығында Норт Каспиан Оперейтинг Компани (НКОК) қазақстандық тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға $14 млрд-тан аса қаражат жұмсады деп хабарлады НКОК жергілікті мазмұнды жоспарлау және іске асыру жөніндегі жетекшісі Нұрболат Төлемісов компанияның тұрақты дамуы бойынша 2018 жыл үшін есебінің презентациясына арналған форум кезінде.

Тек 2018 жылдың өзінде Қазақстанда өндірілген тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға $424 млн жұмсалды, бұл Солтүстік-Каспий жобасының жалпы сатып алу көлемінің 43,4% құрайды. Нұрболат Төлемісов түсіндіріп өткендей, олардың $12,2 млн (27,3%) қазақстандық тауарлар, $275,8 млн – жұмыстарды (56,3%), және $136 млн – қызметтерді (31%) сатып алуға жұмсалған.

Бұл ретте оператордың өкілі жергілікті мазмұнды дамытуда компания үшін жергілікті кадрларды оқыту және олардың біліктілігін жоғарылату шешуші болғандығын баса айтты.

«2006-2018 жылдар ішінде компания жергілікті тауарлар, жұмыстар және қызметтер жеткізушілермен 1300-ден аса семинар мен форум өткізді», – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, компания қазақстандық кәсіпорындарды 350-ден аса аудиттеу жүргізіп,одан әрі ұсыныстар берді. Және осы ұсыныстардың негізінде бұл компанияларды одан әрі оқытты. Халықаралық стандарттар бойынша сертификаттап, оларға 200-ден аса халықаралық сертификат алуға көмектесті.

«3500-ден аса жергілікті кадрлар әртүрлі техникалық курстар бойынша оқытылды. 104 оқыту курсы дәл 2018 жылы өткізілді.Оған 1000-нан аса жергілікті кадр тартылды», – деп хабарлады НКОК жергілікті мазмұнды жоспарлау және іске асыру жөніндегі жетекшісі.

Жалпы алғанда, Нұрболат Төлемісов бұрын Солтүстік-Каспий жобасында шетелдік компаниялар атқарған жалпы құны $4 млрд құрайтын 40% жуық жұмыс жергіліктендірілді деп айтты.

Фото: m-astana.kz