Токаев: «Мемлекеттік сатып алудағы жергілікті мазмұн төмен болып қалуда»

Біз отандық бизнестің ішкі, сонымен қатар сыртқы  нарықтарға қолжетімділігін кеңейту бойынша шаралар қабылдауымыз тиіс, – деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінің барысында.

Мемлекет басшысы үкіметтің көлемі 14 трлн теңгеден асатын реттелетін сатып алуларға толыққанды қолжетімділікті қамтамасыз етуі алда тұр деп атап өтті.

«Бұл мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың, яғни салық төлеушілердің ақшасы. Олар ұлттық экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсалуы тиіс. 2015 жылы Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа Заң қабылданды, алайда бұл саладағы жағдай жақсармай отыр», – деді президент.

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті мазмұн үлесі төмен, небәрі 34 % болып қалып отыр және де үкімет мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы қажет.

 «Ескі тәсілдердің жұмыс істемейтіндігі айқын. Мүмкін, заманауи тәсілдер ұсынатын халықаралық сарапшыларды тарту керек шығар», – деп есептейді Тоқаев мырза.

Оның пікірінше, үкімет пен «Атамекен» ҰКП отандық экспорттаушылардың мүдделерін ілгерілетулері керек.

«Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне ең қысқа мерзімдерде экспорттық объектілердің нақты тізбесін анықтауды және оларды қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді президент.

Бұл ретте ол 2018 жылдың қазақстандық бизнес үшін табысты болғандығын атап өтті. Жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 11% өсіп, 1,3 миллион құрады.

ШОБ өнімінің көлемі 14% өсіп, 26,5 триллион теңге құрады. Экономикадағы ШОБ үлесі өткен жыл ішінде 25,6%-дан 28,3%-ға артты.