Қазақстандық зауыт NCOC қолдауымен халықаралық сапа сертификатын алды

Норт Каспиан Оперейтинг Компани (NCOC) өкілдері «Karlskrona LC AB» қазақстандық зауытына API (American Petroleum Institute) сертификатын салтанатты түрде табыс етті.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, «NCOC жергілікті қамту бойынша командасының, «Karlskrona LC AB» ЖШС және Американдық мұнай институтының (American Petroleum Institute, API) консультанттарының тынымсыз жұмысының нәтижесінде зауытта API стандартын енгізу бойынша екі жылдық жоба табысты аяқталды». Нәтижесінде Нұр-сұлтан қаласында өткен салтанатты жиында  «зауыт өкілдеріне Q1 спецификациясы сертификаты табысталды».

Жақында осындай сертификатты теміртаулық «ҚазАрматура» зауыты алды.

«Осындай спецификацияға ие компаниялар өз клиенттеріне кәсіпорынның өнімі ауыр өнеркәсіп саласындағы соңғы салалық талаптарға сәйкес келетінін көрсетеді», – деп атап өтті NCOC.

«Karlskrona LC AB» зауыты үшін API стандартын енгізу компанияның ұлттық және халықаралық деңгейлерде бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, өнімнің, қызметтердің сапасын және компанияның кәсібилігін растауды, ұйымның имиджін жақсартуды білдіреді. Сондай-ақ сертификат мемлекеттік, муниципалдық, коммерциялық тендерлерге неғұрлым тиімді шарттарда қатысуға және шетелдік компаниялардан тапсырыстар алуға мүмкіндік береді.

Karlskrona LC AB Қазақстан нарығында 2003 жылдан бастап жұмыс істейді,  Алматы және Шымкент қалаларында кеңселері ашылған. Республиканың барлық аумағында, сондай-ақ Ресей мен Орталық Азия елдерінде серіктестік желісі бар. Қызметкерлер штаты 250-ден астам адамды құрайды. NCOC зауыттың Қашаған жобасында мердігер болуға үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Американдық мұнай институтының API стандарттарына сәйкестігін растау зауыт қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жоғары техникалық деңгейін көрсетеді. Біздің Солтүстік Каспий жобасы тікелей шетелдік инвестицияларды тарту арқылы Қазақстандағы ең ірі жоба бола отырып, API халықаралық стандарты бойынша сертификаттауға кәсіпорынға көмектескеніне, осы арқылы экономиканың дамуына елеулі үлес қосып, отандық компаниялардың қуаттарын жүктеу үшін мүмкіндіктер бергеніне  қуаныштымын»,- деді NCOC басқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаев.

Америкалық мұнай институты (API) – мұнай жабдықтарын стандарттау бойынша әлемде жетекші орын алатын АҚШ-тың ұлттық үкіметтік емес ұйымы. Олар ұсынатын нормаларды әлемдегі барлық мұнай және газ компаниялары мойындайды.