Қазақстанда авиа отын өндіру көлемі 2 есеге артты

Мұнай өнімдерін өндіру саласында 2018 жылы мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) жаңғыртуды аяқтаудың нәтижесінде қайта өңдеу қуаты мен тереңдігі артты.

Мәселен, авиациялық отын өндіру көлемі 694 мың тоннаға дейін немесе 2018 жылғы өндіріспен салыстырғанда 1,8 есеге артты. Тұтынудағы авиакеросин импортының үлесі 2018 жылғы 60%-дан 2019 жылы 4%-ға дейін төмендейді.

«Авиаотынды өндіру көлемі отандық МӨЗ есебінен ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда өндіріс көлемін жылына 850 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Осыған байланысты Энергетика министрлігі авиаотын нарығындағы тұрақты жағдайды және тапшылықтың жоқтығын атап өтеді», – деді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қазақстандық МӨЗ-де авиакеросиннің көтерме бағасы 1 тонна үшін $578-ден $621-ге дейінгі мөлшерде. Бұл ретте импорттық авиаотынның бағасы 1 тонна үшін $672-ден $700-ге дейінгі мөлшерде.

Қанат Бозымбаев атап өткендей, Қазақстанның ішкі нарығындағы авиаотын бағасы ресейлік өндірістің керосин бағасына сәйкес келеді және нарықтық шынайылықты көрсетеді.

Жалпы Қазақстанның үш мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 12,7 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 5%-ға артық.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұнай өнімдерін өндіру өткен жылмен салыстырғанда: бензин бойынша 15%-ға, дизель отыны бойынша 10%-ға, авиа отыны бойынша 1,8 еседен астам өсті.

Мұнай өнімдерін өндіру көлемінің өсуі ішкі бөлшек сауда нарығына да әсер етті. Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап ЕурАзЭО-тан тыс жерлерге экспорт ашылды. Және қазірдің өзінде 32,6 мың тоннаға жуық автобензин экспортталды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 9 айында республикада 67 млн тонна мұнай өндірілді, бұл жоспарланған көлемнен 1,7%-ға артық.

Үш ірі кен орнында 40,6 млн тонна мұнай өндірілді. Атап айтқанда, Қашағанда 10,1 млн тонна, Теңізде – 22 млн тонна, Қарашығанақта – 8,5 млн тонна мұнай өндірілді.

Ағымдағы жылы жоспарланған Қашаған және Теңіз кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстары сәтті өтті. Қарашығанақта негізгі өндірістік нысандарда күрделі жөндеу 15 қыркүйекте басталды.

«Өндіріс толығымен тоқтатылды, күрделі жөндеу 13 қазанға дейін жалғасады. Күрделі жөндеу ҚПК өңдеу кешенінде, газды кері айдау компрессорларында, газ дайындау қондырғысында жүргізіледі», – деп хабарлады ведомствода.

Жалпы, ағымдағы жылы мұнай өндіру көлемі 89 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр.

Фото: freestockimages.ru