Қазақстанда сарқылған мұнай кен орындарының мәселесін шешуге тырысуда

Мәселен, Қызылорда облысында мұнай өндіру деңгейі жыл сайын 1 млн тоннаға төмендейді. Ресейлік «ЛУКойл» компаниясының тәжірибесі табыстылығы төмен кен орындарында мұнай өндіру мәселелерін шешу кезінде қолданылуы мүмкін.

Бүгін Атырауда, республиканың мұнай-газ кешені мәселелері жөніндегі кеңес барысында, «Қазақстанда, әсіресе Маңғыстау облысында жоғары өңделген және сарқылған кен орындары көп. Өкінішке орай, онда мұнай өндіру азайып, табыстылық төмендеуде», – деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Оның айтуынша, мұндай кен орындарын одан әрі игеру және қалдық қорларды өндіру үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет. Бұл үшін заңнамаға өзгерістер мен икемді салық саясаты қажет. Бұл тұрғыда Ресейдің оң тәжірибесін пайдалануға болады, онда қиын өндірілетін мұнай өндіруді ынталандыруға бағытталған бірқатар тиісті заңдар қабылданды.

«Олар кейбір кен орындары бойынша салық мөлшерлемелерін, тіпті салықтан босатуға дейін саралауды қарастырады», – деді Есімов мырза.

Ол осы мәселе бойынша «ЛУКойл» ЖАҚ басшысы Вагит Алекперовпен келіссөздер жүргізгенін және ресейлік компания тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін атап өтті.

Сонымен қатар, өз кезегінде, кеңесте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлағандай, геологиялық барлауды жандандыру қажет, өйткені ескі кен орындарында өндіру деңгейі бүгінгі күні төмендеуде. Ал мұндай кәсіпшіліктер, әдетте, жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Ал жаңа кен орындарын ашуға кемінде 10-15 жыл уақыт кетеді.

«Мысалы, Қызылорда облысында жыл сайын өндіріс деңгейі 1 млн тоннаға төмендейді. Орта мерзімді келешекте Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында да өндіру төмендейді деп күтілуде», – деп атап өтті министр.

Ол қазіргі уақытта Қазақстанның көмірсутегі шикізаты қорының теңгерімі 4,5 млрд тонна мұнай және 1,6 трлн текше газды құрайтынын айтты. Тәуелсіздік алғаннан бері республикада 1,4 млрд тонна мұнай алынды, ал қорлардың өсімі 2,1 млрд тоннаны құрады.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылы елімізде 90,3 млн тонна мұнай өндірілді, 2019 жылға жоспар – 89 млн тонна.