Қазақстандық компаниялар мұнай-химия зауытын салуға қатысады ма

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС» (KPI) және «China National Chemical Engineering Company» (CNCEC) компаниясы кәсіпкерлер форумын өткізіп, оның барысында Атырау облысындағы интеграцияланған газ-химия кешені құрылысының жобасындағы қазақстандық қамту туралы айтты. Қазіргі таңда полипропилен шығаратын зауыт құрылысының бірінші кезеңі жүзеге асырылуда.

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов айтып өткендей, бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқыны 25,3%-ды құрайды. Көлемі 91 000 текше метрден астам болатын бетон жұмыстарының  88% орындалды, 8 мың метрге жуық жер асты құбырларының 750 тонна металл конструкциялары құрастырылды.

«Бұл ретте құрылыс-монтаж жұмыстарының 89%-ы қазақстандық компаниялардың күшімен және 11%-ы шетелдік компаниялардың күшімен орындалды», – деді ол форумда сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау үшін 42 құрылыс-монтаж компаниясы тартылған, оның 39-ы қазақстандық және 3-і шетелдік.

Атап айтқанда, «АтырауНефтеМаш» ЖШС-не аса маңызды жабдықтар – салмағы 1 100 тоннадан астам, ұзындығы 105 метр, диаметрі 8 метрден астам пропан мен пропилен сплиттер жасау тапсырылды.

«Колоннаны дайындау үшін «АтырауНефтеМаш» зауыты термоөңдеу пешін қайта жаңартып, ұлғайтып, өз цехын қосымша диагностикалық жабдықтармен толықтырды», – дейді Данияр Тиесов.

ASME сертификаттары бар «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» мен «Sewon-Vertex» Ақтаулық зауыты 35 дана және жалпы салмағы 770 тоннаға жуық сыйымдылықты және жылу алмастырғыш жабдықтарды дайындауға тапсырыс алды.

Металл конструкцияларын дайындау және жеткізу үшін 8 қазақстандық кәсіпорын тартылды. 42% немесе 9 000 тоннаға жуық металл құрылымдары Қазақстанда дайындалып жатыр.

«Жеткізушілерді анықтау кезінде жеткілікті өндірістік қуаттардың болуына, сапаға және дайындау мерзіміне ерекше ден қойылды», — деп атап өтті Тиесов мырза.

Бұл ретте 515 бірлік көлемінде негізгі жабдықты дайындаушылар негізінен шетелдік компаниялар болып табылады: ірі халықаралық компаниялар – 56%, Қытайдағы халықаралық корпорациялар – 12%, Қытай – 25% және Қазақстанда тек 7%. 

Ұзақ мерзімді дайындау жабдықтары  (ҰМДЖ) бойынша қазақстандық жеткізушілерге 123 бірлік құрал-жабдықтың 1%-ына тапсырыс берілді. ҰМДЖ-ның 78%-ы Еуропада, 14%-ы Азияда, 1%-ы АҚШ-та және 6%-ы Қытайда дайындалады.

Сонымен қатар, форумда Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының Бас директоры Нұрлан Жұмағұлов Қытай компаниялары қосалқы мердігерлік жұмыстарға өздерінің үлестес кәсіпорындарын тарту әдеті бар, және қазақстандық жеткізушілерге ұсынылатын қызметтер бағасының демпингіне байланысты олармен бәсекелесу қиын екенін атап өтті.

Ол Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту кезінде қытай компанияларының қатысуын мысалға келтірді.

Әдетте, Қытай несие берген кезде бас мердігер ретінде қытайлық компанияны таңдау және қытайлық жабдықтарды сатып алуды міндетті шарт етіп қояды.

«Sinopec қытайлық компаниясы 30-40 ұсақ қазақстандық қосалқы мердігерлерді тартты, олар бірнеше ай бойы төмен бағада жұмыс істеп шығынға ұшырайды және жобадан шығып кетеді. Sinopec олардың орнына кезекті жаңа жергілікті қосалқы мердігерлерді тартады»,- деп атап өтті Жұмағұлов мырза.

АМӨЗ жобасын іске асыру кезінде қызметкерлердің жалпы штатының кемінде 30%-ын Қытай Халық Республикасының (ҚХР) азаматтары құрады. Пайдаланылған жабдықтар мен жиынтықтаушылар, металл конструкциялары мен электр жабдықтары да қытайдан шыққан болатын. Тіпті банк қызметтерін Қазақстанда тіркелген Қытай банктері ұсынады.

Қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт құрылысы жобасының бас мердігері қытайлық «China National Chemical Engineering Company» компаниясы болып табылатынын атап өту қажет.

Жобаның жалпы құны инфрақұрылым объектілерінің құрылысын, қаржыландыруды ұйымдастыруды және басқа да шығындарды ескере отырып, $2,6 млрд-тан астам қаржыны құрайды, оның ішінде инжиниринг, жабдықтау және құрылыс келісім-шартының құны $1,8 млрд-тан астам сомаға бағаланады. Зауыт құрылысына арналған $2 млрд мөлшердегі несиені Қытай мемлекеттік даму банкі ұсынды.

Фото: atpress.kz