Қазақстанның мұнай-газ саласын цифрландыру

2019 жылы 8 қарашада Атырау қаласында АРЕС PetroTechnic жоғары колледжінің ғимаратында «Қазақстанның мұнай-газ саласын цифрландыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «Атамекен» ҚР ҰКП және «Kazenergy» қауымдастығы жанынан құрылған Petrocouncil.kz мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңес және Society of Petroleum Engineers (SPE) бірлесе отырып, Атырау облысы әкімдігінің, ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Форумға қатысушылар мұнай-газ саласын цифрландыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізу, геологиялық және дербес деректерді сақтау және өңдеу, стратегиялық объектілерді инспекциялау, пилотсыз құрылғылардың қолжетімділігі, цифрлық технологияларды қолдану саласындағы заңнамалық нормалар және т. б. мәселелері.

Дөңгелек үстел барысында ҚР Энергетика министрлігі (ЭМ) Цифрландыру және ақпараттандыру департаментінің директоры Алан Аралбаев айтып өткендей, шикі мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізу «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің талаптары аясында жүргізіледі.

Атап айтқанда, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай тасымалдау компаниялары (құбырлар) ҚР Энергетика министрлігі жүйесіне деректерді есепке алу мен беруді ретке келтіруі тиіс. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай өндіруші компаниялар мен қайта өңдеу зауыттары есептейтін бақылау құралдарын (ЕБҚ) орнатуға және есептілікті онлайн режимде тапсыруға міндетті болады. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мұнайды дайындау және айдау цехтарынан (МДАЦ), тауарлық мұнай резервуарларынан және т. б. шикізатты коммерциялық есепке алу енгізілетін болады.

Алан Аралбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда барлық ірі операторлардың өздерінің ішкі мұнай есептеу жүйесі бар. Оларды мемлекеттік уәкілетті орган жүйесіне біріктіру ғана қалады.

Ол сондай-ақ, министрдің бұйрығымен бекітілген ақпараттық жүйені қалыптастыру және жұмыс істеу ережелері бар, онда интеграцияны өткізу тәртібі нақты жазылғанын атап өтті. Ал жүйелерді интеграциялаудың техникалық бөлігі «Ақпараттандыру туралы» заңда жазылған. Қазір есеп түрлерінің тізімі қайта қаралып жатыр.

Сонымен қатар, форум барысында ақпараттық технологиялар саласындағы кадрлық мәселелер және отандық IT-индустрияның жағдайы туралы атап өтілді. Astana Hub атқарушы директоры Әділет Нұрғожин республикада кадрлық әлеуетті дамыту керек деп санайды.  Сондықтан Astana Hub Atyrau Hub-пен бірлесіп, жастарды IT-кәсіпкерлікке, стартаптарды қалай дамытуға үйрететін болады.

Petrocouncil.kz  мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңестің хатшысы Асылбек Жәкиев тек үш ірі оператор: ТШО, НКОК және ҚПО өткен жылы ІТ-саласында сатып алуға шамамен $180 млн. жұмсағанын айтты. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлерге даму үшін үлкен ынталандыру бар.

Dasco Consulting Group-тың басқарушы серіктесі Дәрмен Сәдуақасов жақында құрылған Atyrau Hub IT-идеяларды генерациялау, жергілікті ІТ-кәсіпкерлерді дамыту және отандық ІТ-жеткізушілер мен мұнай-газ операторларымен ынтымақтастық орнату үшін жақсы алаң болады деп санайды.

Дөңгелек үстел соңында «Atyrau Energy Chalenge»-дің DEMO Day өтті., оның барысында цифровизаторлар конкурсының қатысушылары өз жұмыстарымен таныстырды.

«Atyrau Energy Challenge» – бұл жаңа идеялардың пайда болуы мен дамуына түрткі болатын, мұнай-газ саласындағы операциялық процесстерді фасилитациялауға ықпал ететін бағдарламашылар, әзірлеушілер, web-мастерлер марафоны.

Бір ай бойы созылған конкурс барысында 100-ден астам жұмыс берілді. Байқауға қатысушылардың алдына Қауіпсіздік және экологиялық ережелерді сақтауды қамтамасыз ету, материалдарды жинау және сақтау үдерістерін фасилитациялау, қағаз құжат айналымын қысқарту және өнеркәсіптік интернет заттарын шешу үшін ІТ-шешімдерді әзірлеу міндеті қойылды.

«Atyrau Energy Challenge» конкурсының мақсаты Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін неғұрлым перспективалы шешімдерді табуға және енгізуге көмектесу, Атыраудағы жергілікті контент пен сандық стартап-экожүйені әзірлеу, көрші елдерден ғылыми қоғамдастықтар мен стартаптарды тарту, сондай-ақ мұнай-газ саласына перспективалы стартаптарды, акселераторлар мен инвесторларды тарту болды.

«Atyrau Energy Challenge»-ді Society of Petroleum Engineers (SPE) және Petrocouncil.kz («Атамекен» ҚР ҰКП және «Қазэнерджи» қауымдастығы жанындағы) бірлесіп, «APEC PetroTechnic» жоғары колледжімен бірге Atyrau HUB базасында, ҚР Энергетика министрлігі, ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Атырау облысы және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Байқау жеңімпаздары

1 орын. Сергей Ким. Neural Shield  »SAFE-R» карталарын жинау мен өңдеуді автоматтандыру бойынша қосымшаны әзірлеу. Сіздің  смартфоныңыздағы қауіпсіздік.

2 орын. Дармен Жолтай. InSight командасы. Үлкен деректер – жаңа мұнай.

3 орын. Аманбаева Аружан Dream-Team  Automated mobile saÿety support AMANOS  және Нуржан Мухамедкали. Team Norsec EINIXVISION ADVANCING AI FOR EVERYONE