2020 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің 108 нысаны жұмыс істейтін болады

Қазақстан мұнай мен газдың едәуір ресурстарына ие және энергиясы жеткілікті ел болып табылғанымен, Республика парниктік газдар мен басқа да ластаушы заттардың шығарындыларын азайту үшін жасыл технологиялар мен «таза» энергетиканы дамытуда.

Қазіргі уақытта Республикада жиынтық қуаты 1050,1 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 90 объектісі жұмыс істейді. 2019 жылдың басынан бері қуаты 504,55 МВт болатын ЖЭК 21 нысаны пайдалануға берілді, деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігі.

Ал 2020 жылы ЖЭК санын 108-ге жеткізу жоспарлануда, оның жалпы қуаты 1655 МВт құрайтын болады.

«Алайда, көмірсутегі бай елде ЖЭК дамыту экономикалық тиімді емес және үлкен мемлекеттік қолдауды талап етеді. Бірақ климаттық тәуекелдерді түсіну Қазақстанға елдегі ЖЭК дамуына маңызды қадам жасауға мүмкіндік берді. Осылайша «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, ЖЭК-ті қолдау туралы заң қабылданды, ЖЭК жобаларын іске асыру бойынша инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасалды, яғни елімізде ЖЭК саласында саясатты әзірлеу бойынша инвесторларды тарту үшін құқықтық алаңды жақсарту бойынша белгілі бір жұмыс жүргізілді», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Министрлік ЖЭК қуатын ұлғайтуды және 2020 жылы электр энергиясын жалпы өндірудің 3%-дық жоспарлы көрсеткішіне қол жеткізуді жоспарлап отыр, бұл ҚР-ның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамада бекітілген 2030 жылға қарай 10%-дық нысаналы индикаторға қол жеткізу үшін ЖЭК-тің неғұрлым ірі жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді.

Не жасалды

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдан бастап ЖЭК жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукцион тетігі бойынша өтеді. Бұл тетік бір жағынан жобалар мен инвесторларды іріктеудің ашық әрі түсінікті процесін жасауға, екінші жағынан ЖЭК қуаттарын енгізуден түпкілікті тұтынушылардың тарифтерге әсерін азайтуға мүмкіндік беретін неғұрлым тиімді технологиялар мен жобаларға үміт артуғаа мүмкіндік берді.

2018-2019 жылдардағы аукциондық халықаралық сауда-саттықтар жиынтық қуаты 1 205 МВт ЖЭК жобалары үшін электрондық форматта өткізілді.

Саудаға Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, Германия, Франция, Болгария, Италия, БАӘ, Нидерланды, Малайзия, Испания сынды 12 елден

138 компания қатысты. Аукциондық саудаға қатысушылар қойылған 1205 МВт-қа белгіленген қуаты 3893,52 МВт жобаларды іске асыруға өтінім ұсынды, бұл сұраныстан 3,2 есе асып түсті.

Аукциондық сауда-саттықтың қорытындысы бойынша 30 компания ЖЭК электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен (РҚО) 15 жылға жиынтық қуаты 804,3 МВт болатын келісім-шартқа қол қойды және 12 компания РҚО-мен жиынтық қуаты 162,89 МВт болатын келісім-шарттарға қол қою сатысында.

Бұдан басқа, аукционға қатысушылардың өтінімдері бойынша жел электр станцияларының (ЖЭС) электр энергиясына тарифтердің орташа есеппен 10,6%-ға, шағын гидроэлектр станцияларына (ГЭС) 14,5%-ға, күн электр станцияларына (КЭС) 36%-ға төмендегенін атап өту қажет. Бұл ретте, жекелеген жобалар бойынша тарифтердің барынша төмендеуі КЭС үшін 51%-ды, ЖЭС және ГЭС үшін 23%-ды құрады.

2019 жылы 27 қарашада Түркістан облысы Отырар ауданында, Шәуілдір ауылының маңында жер телімінің ауданы 100 Га жерде 50 МВт күн электр станциясы үшін алғашқы жобалық аукцион өткізілді.

Аукционға Қазақстан, Германия, Италия, Қытай, Нидерланды және Ресейсияқты 6 елден 7 компания қатысты. Сауда сессиясын өткізу барысында 29 тг/кВтс болған шекті аукциондық баға 2.3 есе төмендеді. Аукциондық сауда-саттықтың жеңімпазы болып 12.49 тг/кВтсағ бағасымен «Arm Wind» ЖШС компаниясы атанды, бұл шамамен АҚШ долларының 3,2 центін құрайды.

#2020 жыл #жэк #жасыл энергетика #энергетика министрлігі #қр энергетика министрлігі