АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Дэвид Хэйл не үшін келді? Сарапшының пікірі

21 тамызда Нұр-Сұлтан қаласына АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Дэвид Хэйл келді. Ресми ақпарат бойынша, ол Орталық Азия өңірінің гүлденуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған C5+1 форматындағы кездесуге қатысты, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан басшыларымен кездесулер өткізді. АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігін шын мәнінде Орталық Азияда не қызықтырды?

2019 жылдың тамыз және қыркүйек айларында Қазақстан тарихына республикадағы алғашқы мұнай өндіру күніне 120 жыл толу ретінде ғана кірмейді. Бұл сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде Қытайға – Қазақстанның ірі инвесторларының біріне алғашқы сапарын дайындаудың белсенді кезеңі.

Оқиғалар хронологиясына назар аударыңыз.

20-23 тамыз аралығында Дэвид Хэйл Қазақстанға, содан кейін Өзбекстанға келеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында «ол Мемлекет басшысының елдегі әлеуметтік-экономикалық даму мен демократияландыру бойынша қойған мақсаттары мен міндеттерінің өзектілігін атап өтіп, олардың іске асырылуын қолдауға дайын екенін атап өтті».

29 тамыз New York Times “A Windswept Plain, a Sea of Oil and a Mountain of Money” (желді жазық, көп мұнай және тау-тау ақша) мақаласын жариялайды, онда автор – «37 млрд долларды осында жұмсау ақылға қонымды ма» – деген сұрақ қояды. Мұнай бағасы төмендеп жатқанын ескерсек, инвестицияларды қайтару оңай болмайды. Бірақ бұған қарамастан, АҚШ әлі де «елдегі әлеуметтік-демократиялық даму мен демократияландыруға» қолдау көрсетуге дайын.

Осыдан кейін бірден, 3 қыркүйек күні Жаңаөзенде бастау алып, одан кейін Қазақстанның басқа қалаларына еліміздің аумағындағы қытай өндірісіне қарсы наразылық толқыны жайылды. Қазақстандықтар қытайлық инвестицияларға одан әрі тәуелді болып отырудан қауіптенуде.

5 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауға келіп, мұнай-газ саласын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Президент одан әрі дамудың маңыздылығын атап өтіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты міндеттер қойды, оның ішінде геологиялық барлау және отандық мұнай сервистерін дамыту мәселелері де бар.

Келесі маңызды оқиға Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-12 қыркүйекте Қытайға сапары болады. Бұл жерде қытайлық серіктестер бұрынғы Үкіметте алған міндеттемелерді орындау туралы сұрайтын шығар. Міндеттемелер өте көп, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтеріліп отырған Жаңаөзеннің, Қазақстандықтардың наразылығы мен қауіптері түріндегі салмақты дәлелі және АҚШ билігі тарапынан айтылған қолдау бар.

Неге бұл белсенділік дәл қазір пайда болды?

2019 жылғы 12 тамызда Ресей Премьер-Министрі Дмитрий Медведев «Ресей Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ең жақын уақытта бекітуге ниетті» деп мәлімдеді. Бұл дегеніміз, таяудағы 5-10 жылда кеңес дәуірінде табылып, содан кейін қайта бекітіліп, каспий конвенциясына қол қойғанға дейін кейінге қалдырылған барлық кен орындары қарқынды дамитын болады деген сөз. Көмірсутегі ресурстарына бай Солтүстік Каспий ойпаты және Каспий теңізі таяудағы жылдары белсенді қазылатын болады, ал жоғарыда аталған оқиғалар – Орталық Азия аумағында екі ірі ойыншы АҚШ пен Қытайдың қарым-қатынасын жолға қою болуы мүмкін. Ал нақты қандай кен орындары белсендіріледі, оған қандай компаниялар қатысады және қазақстандық компанияларда қандай перспективалар пайда болады – ол енді басқа бір қызықты оқиғаның желісі.

Данияр Ғабдулин,

Сарапшы. Стратегиялық жоспарлау. Қазақстанның мұнай-газ саласы

Сурет: akorda.kz