Бизнес мұнай өнімдерін ЕБҚ-нан деректерді беру үшін абоненттік төлемді алып тастауды ұсынып отыр

«Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы президиумының мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің кезекті отырысында мұнай өнімдерін есепке алудың бақылау құралдарынан (ЕБҚ) деректерді беру үшін абоненттік төлем мәселесі көтерілді.

Деректерді автоматты онлайн-беруді қамтамасыз ететін оператор «ҰАТ» АҚ болып анықталды. Бүгінгі таңда абоненттік төлем бір есепке алуды бақылау құралы үшін айына 4150 теңгені құрайды, деп хабарлайды «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.

«Бұл бизнеске үлкен жүктеме. Мемлекеттік кіріс органдары делдал арқылы қажетті ақпаратты ала алуы үшін, кәсіпкерлік субъектілері тұрақты және негізсіз шығындарды шегуі тиіс», – деді Қазақстандық отын қауымдастығының төрағасы Болат Әуетаев.

Оның айтуынша, «қазіргі уақытта мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілер «Е-сапа» мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алу ақпараттық жүйесінің жеке кабинетіне рұқсат беру қызметтері үшін ақы төлеуге дайын. Алайда,»ай сайынғы абоненттік төлем сомасы бақылау-кассалық машиналардан деректерді беру бойынша абоненттік төлем сияқты, бір АЖС үшін 1500 теңгеден аспауы тиіс».

Қазақстанда 4 мыңға жуық жанар-жағар май құю станциялары (АЖС) жұмыс істейді, олардың әрқайсысында кемінде 5 резервуардан бар. Жалпы алғанда, бөлшек сауда сатушылар «ҰАТ» АҚ қызметтері үшін жылына 1 млрд. теңге төлеуі тиіс. Мысалы, «PetroRetail» ЖШС үшін қызмет құны жылына 90 млн теңгені, ал «Гелиос» ЖШС – 70 млн теңгені құрайды.

«Бұл шын мәнінде бизнеске түсетін жүктеме, біз бұл мәселені көтеруіміз керек. Норма енгізілген кезде, бизнес ЕБҚ енгізу үшін миллиондаған шығын шекті. Бұл қызметтердің ақысын алып тастау дұрыс, себебі егер ЕБҚ енгізу және деректерді беру бастамашысы уәкілетті мемлекеттік орган немесе үкімет болса, онда «ҰАТ» АҚ қызметтері де кәсіпкерлік субъектілері есебінен емес, мемлекет есебінен төленуі тиіс», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқасының Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Данияр Әбілғазин.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға сәйкес мұнай өнімдері ЕБҚ қолдану арқылы және деректерді онлайн-режимде уәкілетті органға – ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне – беру арқылы жүргізілуі және сатылуы тиіс. Бұл норма мемлекеттік органдарға салық аударымдарын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамтуды дамыту мәселесі көтерілді. «Атамекен» ҚР ҰКП Мұнай-газ операторларымен (ТШО, НКОК, ҚПО) өзара іс-қимыл және мұнай сервисті дамыту жөніндегі ресми өкілі және  Petrocouncil.kz Мұнай-газ саласындағы әріптестікті дамыту жөніндегі кеңестің хатшысы Асылбек Жәкиев өндірісті оқшаулаудың өзекті мәселелері туралы айтып берді. Ол импорттық өнімді алмастыра алатын қазақстандық тауарларды шығарудың әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті. Мемлекет тарапынан, бірінші кезекте, жергілікті өнім өндірушілер үшін салық жеңілдіктерін беру түрінде қолдау қажет. Ол сондай-ақ, жергілікті тауар өндіруші ретінде тек Қазақстан азаматтарына кемінде 50% тиесілі кәсіпорынды ғана есептеу қажет екенін атап өтті.