Chevron басшылығының ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша конференц-қоңырауы барысында компания менеджменті Теңіз кен орнындағы Сағалық қысымды басқару жобасы – кеңейту жобасының (БКЖ-СҚБЖ) бюджетін $37-дан $45,2 млрд-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі туралы хабарлады.
Компания болашақ кеңейту жобасының шығындары мен мерзімін егжей-тегжейлі бағалауды аяқтады. Нәтижесінде, жоба үшін шығындар сметасы $45,2 млрд-қа дейін жаңартылды, болжанбаған шығындар үшін қосымша $1,3 млрд бөлінді.
БКЖ-ның күтілетін іске қосылуы 2023 жылдың ортасына ауыстырылды, ол енді 2022 жылдың соңында пайдалануға берілетін кесте бойынша жүретін СҚБЖ-дан кейін болады.
Тұтастай алғанда, болжанбаған шығындарды қоса алғанда, жалпы шығындардың артуы шамамен 25%-ды құрайды.
Компаниядағы сметаның қымбаттауының себептері ретінде инженерлік-құрылыс жұмыстарына жоғары шығындары аталды, ол болжанбаған шығыстарға жоспарланған соманың шамамен үштен екісін құрайды.
Бұдан басқа, сатып алынатын электр және басқа да жабдықтардың көлемі айтарлықтай өсті.
Болашақ кеңейту жобасы (БКЖ) және Сағалық қысымды басқару жобасы (СҚБЖ) — «Теңізшевройл» ЖШС бір уақытта іске асыратын екі интеграцияланған жобасы. БКЖ-ны іске асыру Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 млн тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге ұлғайтуға мүмкіндік береді, нәтижесінде жылына 39 млн тоннаға жуық немесе тәулігіне 850 мың баррельді құрайды деп күтілуде. БКЖ-ны іске асыру өндірістік қуаттарды кеңейтуге бағытталған, ал СҚБЖ Сағалық қысымды төмендету және қолданыстағы алты кешенді технологиялық желілердегі қысымды арттыру арқылы Теңіздегі жұмыс істейтін зауыттардың қайта өңдеу қуаттарын толық жүктеуді қамтамасыз етеді.
Бұған дейін ТШО-да мәлімдегендей, жоба арқылы мұнай алу 2022 жылға жоспарланған.