Экспорт немесе Газдандыру: қазақстандық табиғи газды қалай бөлуге болады?

Бүгінгі таңда Қазақстан халқының табиғи газбен қамтамасыз етілу деңгейі 50% немесе 9 млн адамды құрайды. «Сары-Арқа» магистралды құбырын іске қосу қосымша 2 млн адамды қамтамасыз етеді. Алайда, елді газдандырудың өсуі республиканың экспорттық әлеуетіне теріс әсер етуі мүмкін.

Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 37,8 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл ретте 22,3 млрд текше метр тауарлық газ өндірілді.

«Ішкі нарықта газ бағасының тұрақтылығы қамтамасыз етілген және негізсіз өсуге жол берілмейді. Елдің газдандыру деңгейі 50%-ға жетті, газға 9 млн-нан астам адам қол жеткізді», – деп хабарлады мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі жақында өткен кеңесте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, соңғы 10 жылда республикада газдандыру саласында 130-дан астам жоба жүзеге асырылды. 2019-2021 жыл кезеңінде өңірлерде жалпы сомасы 92 млрд теңгеге газ инфрақұрылымы құрылысының 100-ге жуық жобасы іске асырылатын болады. Нәтижесінде газдандыру деңгейі 61%-дан асады.

«Сары-Арқа» магистральды газ құбырының құрылысы кезең-кезеңімен республиканың орталық және солтүстік өңірлерінің 171 елді мекенін, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласын табиғи газбен қамтамасыз етуге көмектесуі тиіс. Қазіргі уақытта газ құбыры ұзындығының 70% астамы – 778 км газ құбыры дәнекерленді.

Сонымен қатар, ішкі тұтынудың өсуімен газ экспортының көлемі едәуір қысқаруы мүмкін. 2018 жылы өндірілген 56 млрд текше метр газдың 19 млрд текше метрі шетелге жіберілді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «2030 жылға қарай 80 млрд текше метрге дейін өндірудің болжанып отырған өсуіне қарамастан, елді газдандыру мен мұнай-газ химиясының дамуын ескере отырып, экспорттық көлем жетіспеуі немесе мүлдем болмауы мүмкін». Бұдан басқа, мұнай өндіру кезінде ілеспе газдың үлкен көлемі қабатқа кері айдалады. Мысалы, «Теңізшевройл» ЖШС-да (ТШО) жыл сайын қабатқа 3,2 млрд текше метр газ айдалады.

2006 жылдан бастап 2018 жылға дейін жағылатын газ көлемі төрт есе азайғаны жағымды жағы болып табылады.

Сонымен қатар, әлемде бүгінгі күні табиғи газды тұтыну өсімі жүріп жатыр. 2040 жылға қарай ол 1,5 есеге өсіп, 5,5 трлн текше метр кубтан астамды құрайды. Ал энегрияның басқа көздерінің ішіндегі газдың үлесі бүгінгі 23%-дан 26%-ға дейін артатын болады. Бұл ретте мұнай үлесі 40-тан 30 пайызға дейін қысқарады.

Бұл ретте Қазақстан табиғи газ экспортын әртараптандыруға тырысып жатыр. Қазірдің өзінде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салынды, «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ транзиттік дәлізі ашылды. 2018 жылдан бастап алғаш рет Қытайға газ жеткізу басталды.

«Осыған байланысты қабаттың қысымын арттырудың қазіргі заманғы технологияларын енгізу есебінен тауарлық газ өндірісін ұлғайту мүмкіндігін пысықтау қажет», – деп есептейді Президент Тоқаев.

Мүмкін, қабаттық қысымды ұстап тұру әдістерінің бірі газ орнына қабатқа су айдау болады. Мысалы, ТШО Королевское кен орнында мұнай өндіруді арттыру үшін тәжірибелік-эксперименттік жобаны жүзеге асырып жатыр. Жер асты көздерінен 5 мың текше метр су айдау мұнда мұнай өндірудің жылдық көлемін 2 млн-нан 3 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Дегенмен, Мемлекет басшысы кеңесте жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкіметке ЕАЭО ортақ газ нарығын қалыптастыру және энергетикалық қауіпсіздікті сақтау қажеттілігін ескере отырып, 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін елдің отын-энергетикалық кешенін (ОЭК) дамыту тұжырымдамасын өзектілендіруге тапсырма берді.