ЕЛІМІЗДЕГІ МҰНАЙ-ГАЗ МАРКЕТИНГІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ – МЕЙРАМ СӘПИҰЛЫ

  • Мейрам Сәпиұлы, алдымен келе жатқан төл мерекеңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Қара алтынның қадірін білетін сіздей ағалар аман болсын. Мұнайшы болуды бала кезден армандадыңыз ба?
  • Рақмет, айналайын! 60-жылдары Атырау мен Маңғыстауда мұнай көздері көптеп ашыла бастады. Сол әсер еткен болуы керек, менің қатарластарымның бәрі мұнайшы болуды мақсат тұтты. 8 сыныпты бітіргесін Гурьев политехникумының механика факультетіне оқуға түстім. Ол жерде қазіргі Санкт-Петербургтан келген мұғалімдер сабақ берді. «Үздік дипломмен» тәмамдадым. Кейін Атырауға қаласына Мәскеуден, Уфадан, Томскіден, бас-аяғы 6 6ірдей мықты университеттен мамандар келіп бізді оқуға қабылдады. Содан,И.М. Губкинатындағы Мәскеу мұнай химиясы мен газ өнеркәсібі институтының студенті атанып, 1973 жылы «Қызыл дипломмен» бітірдім. Бірақ сабақ өте қиын болды. Бізбен қатар барған қыз-жігіттердің көбісі оқудан шығып кетті.
  • Ғұмырнамаңызды қарап отырсам еңбек жолыңызды ғылымнан бастапсыз. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз.
  • Бұрындары ЖОО-нын аяқтағасын университет әкімшілігі бітірушілерді жан-жаққа жіберетін. Сенен сұрамайтын. Қайда бар дейді, сол жаққа барып жұмыс істейтінбіз. Бірақ мен үздік студент атанғасын еркіндік берді. Мен бірден Ақтауға келіп бұрынғыҚазГЗЖИ-ға ғылыми қызметкер болып орналастым. Әлі есімде алғашқы жалақым 110 рубль. Ол кезде көп ақша. Отбасымды асырауға артығымен жететін. Сол ғылыми интитутта 14 жыл мұнай-газ өндіру саласындағы ғылыммен айналыстым. Көп зерттеулер жүргіздік. Директордың орынбасарлығына дейін жеттім. Кейін партияға шақырды. Ол жер ұзақ болмадым. КСРО құлап, Еліміз Тәуелсіздік алып жаңа өмір басталды.
  • Өзіңізге мәлім,еліміз тәуелсіздік алған жылдары қай сала болмасын күйреп жатты ғой. Ал мұнай өндірісі қалай дамыды?
  • 1990 жылдары мұнай өндірісі жаңа қарқын алды. «Маңғышлақмұнай» компаниясына маркетинг бойынша бас маман болып жұмысқа орналастым. Ол кезде «маркетинг» деген термин тілдік қолданысымызға енді-енді еніп жатқан кез. Біздің басты мақсатымыз мұнайды сыртқа шығарып, тасымалдап, шетелдіктермен келіссөздер жүргізу еді. Қазір ойлап отырсам Қазақстандағы мұнай-газ саласындағы маркетингті тұңғыш рет біз қолға алған екенбіз. Қазір кез-келген өндіріс орындарында арнайы маркетинг бөлімі бар. Ол жерде топырлаған мамандар, әйтеуір. Ал біз 4-5 адам жүріп үлкен шаруаларды бітірдік. Оны мақтанышпен айта аламын.
  • 1992-1997 жылдар аралығында АҚШ-та тұрған екенсіз. Ол жақта қандай жұмыспен айналыстыңыз?
  • Мемлекеттің қолдауыменен Бостон қаласындағы Массачусетс университетіндемұнайгаз саласы басшыларына арналған бір жылдық бизнес-курсынан өттім. Отбасыммен бірге тәжірибе жинап қайттым. Американың алып компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Сол жақта жүріп өзімнің «Atameken Petroleum Corporation» компаниясын құрдым. Менің ең үлкен жетістігім осы болды.
  • 2004 жылдан бастап Каспий Құбыр Жүргізу консорциумын кеңейту жобасының бас менеджері болып тағайындалған екенсіз. Осы мекемеден құрметті демалысқа шығыпсыз.
  • Иә, бұл бөлек әңгіме. Одан бұрын Алматыда, Ақтөбеде мұнайдың айналасында басшылық қызметте болдым. Кейін КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНА келдік. Бұл компанияның жұмысы орасан. Қазір де қарқынды дамып жатыр. Мен жасаған жылдары КҚК жергілікті тұрғындарға, мемлекеттік мекемелерге қашан да қол ұшын созатын. Балабақша салып бердік. Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып жатыр екен. Ризамын! Осындай қайырымдылық шараларын қазіргі шетелдік мұнай-газ компаниялары да көбірек жасаса деймін. Бұл сауапты іс!
  • Мейрам Сәпиұлы, алтын уақытыңызды бөліп сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіремін! Өткен өміріңіз өнегеге толы екен. Мұнайшылардың төл мерекесі жақындап келеді. Қазіргі жас мұнайшыларға айтар тілегіңіз бен батаңыз болса.
  • Не дейін, қарғам?! Бастысы амандық тілеймін. Мұнайшылар ғылыммен айналыссын. Ғылым жарқын өмірдің кілті. Қазақтың басты байлығын тек елдің игілігі үшін пайдаланайық!!