Мұнайшы мамандығын мирас қылған отбасы

Мұнай саласына күллі ғұмырын арнап, кәсібін ұрпағына мирас қылып қалдырғанардақты мұнайшы Бахтияр Әбдірахмановтың ұлы Зинон Бахтиярұлы бүгінде «АРДАГЕР МҰНАЙШЫ».

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында дүние есігін ашқан Зинон, ес жиысымен мұнайшы болуды армандайды. Арманын мақсат тұтқан бозбала 1961 жылы Мәскеу мұнай және газ институтының студенті атанды. Оқуын бітіре сала еліміздің мұнай-газ саласына етене араласып, Атырау облысындағы Байшонас елдімекенінде алғашқы еңбегін бастады.

Бес жыл өтпей жатып цех шебірі дәрежесіне көтеріліп, «Маңғышылақ-Мұнай»бірлестігінде жұмыс істейді. Кейін бірнеше жыл Шығыс Қазақстан магистралы және Омбы-Павлодар-Шымкент мұнай құбырында, «Құлсары-Мұнай», «КазақОйл»(«ҚазМұнайГаз») компаниясында басшылық қызмет атқарды.

Зинон Бахтиярұлының құбыр көлігі саласындағы еңбек өтілі 43 жыл. Іскер басшы Қазақстан мұнай құбыры жүйесінің құрылып, гүлденуінеелеулі үлес қосты. Еліміздің мемлекеттік комиссиясының төрағасы ретінде «Екібастұз», «Степная», «Қарақойын», «Атасу», «Борсеңгір» секілді мұнай айдау станцияларын пайдалануға беруге қатысқан. Сонымен қатар өзінің инфроқұрылымымен төрт бірдей аудандық мұнай құбыры басқармасының қабырғасын қалады.

КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫСЫН ОН БЕС АДАММЕН БАСТАДЫ

Зинон Бахтиярұлы еліміздің қай өңірінде қара алтын атқыласа да оны игеру жұмысына бір кісідей арласып, жұмысшаларға кеңес беруден еш жалыққан емес. 1998 жылы Атырау өңірінде алғашқы қадамын бастаған Консорциумының аймақтық менеджеріне тағайындалудың өзі оңайға соқпапты. Арнайы конкурс жарияланады. Жауапты қызметке 20 адам таласты. АҚШ-тан келген білікті мамандар барлығымен келіссөз жүргізеді. Ақырында Зинон Бахтиярұлының тәжірибесін ескеріп,басшылар оған қыруар жұмысты сеніммен тапсырады.

Сол кезде құрамында тек он бес-ақ қызметкері бар кәсіпорын жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. «Алғашқы жылдары әр адамның өзінің жұмысы бар деген болмады. Кімнің қолы бос, сол шаруаға арласып бір-біріне көмектесіп жүретін. Осының арқасында КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ әлемдік компаниялармен иық тіресетіндей дәрежеге жетті» дейді ардагер мұнайшы.

БІЗДІ ТАБЫСТЫРҒАН МҰНАЙ САЛАСЫ

Саналы ғұмырын «қара алтынға» арнаған Зинон Бахтиярұлы бүгінде абыз ақсақал. Өмірлік қосағымен ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі жандар. Қарашаңыраққа арнайылап сұхбаттасуға барғанмызда Жайлан апамыз «Мұнайшының жары болу қиын болмады, маған. Өйткені өзім мұнайшымын!» деп көңілі жайланып отырды. 1972 жылы Химия ғылымдарының кандидаты атанған Жайлан Құрманғазиева да Атырау өңіріндегі мұнай-газ саласына еңбегі сіңген жан. Ұл-қыздары да әке мен ана жолын қуғандар. Ал биыл қос мұнайшының шаңырақ көтергендеріне 50 жыл. Алтын той!

PS: Зинон Бахтиярұлын Қазақстан экономикасының іргетасын қалаған қайраткер десек артық болмас. Өйткені, мұнай өндірісі елдің ертеңі, бүгіні мен тынысы. Атыраудан шыққан елгезек ұл қызмет бабымен бірнеше жерде тұрып,ел кезіп кетсе де түбінде кіндік қаны тамған жерде ту тікті. Ардагер мұнайшының қажырлы еңбегін әріптестері ұмытпайтыны һақ! Құрметтері де ерек.