NCOC тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге деген қажеттілік туралы мәліметтерді жариялады

Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC – қазақстандық компаниялар өз өндірісін дамытуды жоспарлауы үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге деген қажеттілікті жариялады, деп хабарлайды petrocouncil.kz.

1997 жылы қол қойылған Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім (СКӨБК) шеңберінде жүзеге асырылатын Солтүстік Каспий жобасының оператор Компаниясы (NCOC) өзінің ресми сайтында ұзақ мерзімді «Сатып алу жоспарын» ашық жариялау туралы шешім қабылдады. Енді кез-келген кәсіпкер оператордың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудағы қажеттілігін көре алады, және конкурстарға қатысуға алдын ала дайындала алады.

Бұрын белгілі бір тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу туралы хабарландырулар ғана қол жетімді болды.

Бұл бастама NCOC компаниясы басшылығының және «Атамекен» ҰКП, «ҚазЭнерджи» қауымдастығы жанынан құрылған Стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңестің (Petrocouncil) жемісті келіссөздері нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл жерде NCOC компаниясының отандық бизнеске қолдау көрсету және мұнай сервистік бизнестегі әділ бәсекелестік ортаны дамытуға өз үлесін қосу ниеті де маңызды рөл атқарды, өйткені бұл ақпарат жаңа өндірістерге инвестицияларды жоспарлау және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту үшін негіз болып табылады. Бүгінгі таңда 4000-нан астам отандық компания мұнай-газ операторларына қызмет көрсетуге және тауар жеткізуге дайын. Сатып алу туралы ақпаратты ашу туралы келіссөздерді табысты аяқтауға үлесін қосқан келісім-шарт және сатып алу жөніндегі менеджер – Марсель Ван Беркель болды, ол 2018 жылы қазақстандық қамтуды дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазэнерджи» қауымдастығының медалін алған еді.

Мұнай-газ секторы Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқарады. Dasco талдау агенттігінің есептеуінше, елдің ЖІӨ-дегі мұнай-газ секторының үлесі 2015-2017 жылдары шамамен 17-19%-ды құрады. Мемлекеттік бюджет кірістеріндегі мұнай-газ секторының үлесі 2015-2017 жылдары шамамен 31-41% құрады. Бұл ретте 2018 жылы республиканың мұнай-газ саласындағы тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді (ТЖҚ) сатып алудың жалпы көлемі 6 трлн теңгеге ($16 млрд) жетті, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық.

Ірі мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық қамту үлесі көптеген жылдар бойы жиынтығында 50%-дан аспайды. Мәселен, NCOC компаниясы 2018 жылы қазақстандық өндірістің тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін (ТЖҚ) сатып алуға $424 млн жұмсады, бұл Солтүстік Каспий жобасын сатып алудың жалпы көлемінің 43,4%-ын құрайды. Олардың шамамен $12,2 млн (27,3%) қазақстандық тауарларды сатып алуға, $275,8 млн – жұмыс (56,3%) және $136 млн – қызмет (31%) сатып алуға жұмсалған.

Сонымен қатар, 15 жыл ішінде, 2004 жылдан бастап  бүгінгі күнге дейін NCOC компаниясы қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға $14,3 млрд-тан астам қаражат жұмсағанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта NCOC Қаламқас-теңіз кен орнын игеруге дайындалуда, ол үшін тағы да отандық компанияларды тартуды жоспарлап отыр.

Анықтама үшін

Солтүстік Каспий жобасы Қазақстандағы теңіз мұнай-газ кен орындарын игерудің алғашқы ірі жобасы болып табылады. Оның құрамына Қашаған, Қаламқас-теңіз, Қайран, Ақтоты және Оңтүстік-Батыс Қашаған сынды бес кен орны кіреді.

Қашаған алып кен орны соңғы төрт онжылдықта ашылған ірі мұнай кен орындарының бірі болып табылады; оның алынатын қорлары шамамен 9-13 млрд баррель (1-2 млрд тонна) мұнайды құрайды. Қашаған Теңіз кен орнының коллекторы Атырау қаласынан 80 км-де су астында 3-4 метр тереңдікте және теңіз түбінен 4 км-ден (4 200 метр) астам жерде орналасқан.

Қазіргі уақытта Солтүстік Каспий жобасының операторы Норт Каспиан Оперейтинг Компани (НКОК) консорциумының құрамына әлемдегі ең ірі және ең тәжірибелі жеті энергетикалық компания кіреді: «ҚазМұнайГаз», «Эни», «Шелл», «ЭксонМобил», «Тоталь», «КННК» және «Инпекс». Әрбір акционер өнімнің өз үлесін тасымалдауға және өткізуге, сондай-ақ есептілікті беруге және осы өнімді Үкіметпен СКӨБК сәйкес бөлуге дербес жауапты болады.

Мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңес (Petrocouncil) бұл «Атамекен» ҚР ҰКП және «ҚAZENERGY» қауымдастығының қолдауымен құрылған, Атамекен ҰКП, KazEnergy, ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «PSA» ЖШС және басқа да мүдделі құрылымдардың қатысуымен әрекет ететін барлық одақтардың, кеңестердің және басқа да альянстардың іс-қимылдарын үйлестіретін сабағаттық-кеңестік бірлестік. Кеңес шоғырландырылған жұмыстың тиімділігін арттыруға және қайталанатын әрекеттерді болдырмауға бағытталған. Бұдан басқа, бірлестік мұнай-газ нарығын әділ және тиімді дамыту үшін мұнай сервистік компаниялар мен мұнай-газ нарығы операторларының мүдделерін ұсынады және алға жылжытады.

Қосымша сұрақтар бойынша, +7 707 250 75 68 нөміріне хабарласыңыз