Petrocouncil Қазақстанда тауарлар өндірісін оқшаулау бойынша қандай жұмыс жүргізіп жатыр

4 қыркүйекте Атырау қаласында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың, мұнай-газ компаниялары басшыларының, бизнес пен аймақтың мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс барысында «Атамекен» ҰКП-ның Мұнай-газ операторларымен (ТШО, НКОК, ҚПО) өзара іс-қимыл және мұнай сервисін дамыту жөніндегі ресми өкілі Асылбек Жәкиев «Атамекен» ҰКП мен «Қазэнерджи» қауымдастығының жанынан құрылған мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңестің (Petrocouncil) қызметі туралы әңгімеледі.

Өзінің құрылған сәтінен, яғни өткен жылдың қараша айынан бастап Petrocouncil жергілікті қамтуды дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған ондаған түрлі іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдерінің «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО), Норт Каспиан Оперейтинг Компани (НКОК) және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (ҚПО) сияқты ірі мұнай-газ операторларының басшылығымен кездесулері ұйымдастырылды. Кездесу барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты жақсарту жолдары туралы пікір алмасты. Операторлар бизнес өкілдеріне өздерінің әлеуетті мердігерлерін қалай көретінін, тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жеткізушісі болу үшін қандай критерийлерге сәйкес келу қажеттігін хабарлады. Өз кезегінде кәсіпкерлер тапсырыс беруші – мұнай-газ компанияларының қолдауымен  шешілуі мүмкін мәселелерді айтты.

«Көптеген мердігерлерде қаржы қаражатымен қамтамасыз ету мәселелері болды, осы мәселе бойынша арнайы екі шара өткізілді. Кейбір қазақстандық банктер мұнай сервисі жобаларын қаржыландыру үшін арнайы бағдарлама жүргізуге келісті», – деді Асылбек Жәкиев.

Бұдан басқа, Petrocouncil Қазақстанда олардың тауарларын шығаруды ретке келтіру үшін түпнұсқалық құрал-жабдықтарды өндіруші ірі шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізді. Ағымдағы жылдың наурыз айында Равеннада (Италия) Eni-дің қолдауымен итальяндық кәсіпкерлермен кездесу өтті. Сондай-ақ кеңес өкілдері Хьюстондағы (АҚШ) «ОТС 2019» – Халықаралық конференциясы мен оффшорлық технологиялар көрмесінде болды, онда Chevron өкілдерімен кездесті. Технологиялардың әлеуетті жеткізушілерімен келіссөздер жүргізілді.

«Жүргізілген талдаудың қорытындысы бойынша біз тауарлар өндірісін, сервистік қызметтерді оқшаулау және кадрларды дайындау бойынша күш-жігер жұмсауға тиіс неғұрлым келешегі бар бағыттарды анықтадық», – деп атап өтті спикер.

Өндірісті оқшаулауға дайын шетелдік компаниялармен байланыс орнатылды. Бұл мәселеде Petrocouncil бастамасын қолдайтын мұнай-газ операторларымен жақсы өзара түсіністік бар.

«Бірінші кезекте біз химия өнеркәсібі тауарларын оқшаулау бойынша ірі шетелдік компаниялармен сөйлесіп жатырмыз. Бізде бұл өндіріс нысандарын орналастырғымыз келетін жеке индустриялық аймақтар бар», – деді Асылбек Жәкиев.

Оның айтуынша, Атырау қаласының шегінде екі жеке индустриялық аймақ құрылды, олардың аумағында шетелдік өндірушілермен бірлескен кәсіпорындар өндірісін жолға қойып, әлемдік ірі компаниялардың сервистік орталықтары мен құрастыру цехтары қызметін жүзеге асыра алады.

«Біз қазір ҰКП орталық аппаратымен оқшаулау бойынша жобаларға қатысушылар үшін салық жеңілдіктерін жасау мәселесін қарастырудамыз. Бұл маңызды мәселе, себебі, түпнұсқалық құрал – жабдықтарды өндірушілер салықтық ынталандырулар болса, келеді», – деп түсіндірді Жәкиев мырза.

Ол қазақстандық өндірушілерге операторлардың тікелей шетелдік жеткізушілерімен бәсекелесу қиын, себебі шетелдіктердің кедендік баж салығы бойынша жеңілдіктері бар, ал жергілікті кәсіпкерлерде мұндай жеңілдіктер жоқ екенін жеткізді. Егер кәсіпорындарға салық преференцияларын берсе, бұл мәселені шешуге болады. Дегенмен, бүгінде тауардың 20-ға жуық түрін оқшаулау процесі жүріп жатыр.

Сатып алу жоспарлары

«Біздің ең басты жетістіктеріміздің бірі – Мұнай-газ операторларының сатып алу жоспарларын жариялауына қол жеткіздік. PSA көмегімен «Total E&P Dunga GmbH» компаниясының Дунга кен орны операторының, сондай-ақ Petrocouncil-дың Солтүстік Каспий жобасының операторымен келіссөздер жүргізуі арқылы – Норт Каспиан Оперейтинг Компанидің   сатып алу жоспары жарияланды», – деп атап өтті Асылбек Жәкиев.

Осындай келіссөздер «Теңізшевройл» ЖШС өкілдерімен де жүргізілді және Оператор тарапынан мәселені түсіну бар.

«Бұл өте маңызды жетістік, өйткені операторлардың жарияланған сатып алу жоспары болған жағдайда, жергілікті жеткізушілер өз өндірісін болжап, жеткізуге арналған тендерлерге қатысуға мүмкіндік алады», – деп есептейді Кеңес өкілі.

Кадрларды оқыту

Petrocouncil-дың өз алдына қойған тағы бір маңызды міндеті – жергілікті білікті кадрларды оқыту және дайындау. Осы мақсатта қалада Atyrau Hub құрылды.

«APEC PetroTechnic» базасында біз ақпараттық технологиялар бойынша мамандарды дайындайтын боламыз. Қазірдің өзінде үш ірі мұнай-газ операторларының ІТ-менеджерлерімен келіссөздер жүргізілді», – деп хабарлады Жәкиев мырза.

Мұнда кадрларды даярлау мен оқыту жүргізіледі, сонымен қатар ел экономикасының өсуіне әкелетін инновацияларды дамыту үшін қолайлы орта құрылады.

Жалпы, «Атамекен» ҰКП-ның мұнай-газ операторларымен өзара іс-қимыл және мұнай сервисін дамыту жөніндегі ресми өкілі Мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңес мұнай-газ операторлары, шетелдік компаниялар және қазақстандық кәсіпорындар арасында байланыс орнату бойынша үлкен жұмыс жүргізгенін, бұл жергілікті қамтуды дамытуға оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Өз кезегінде «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев қазақстандық үлесті дамытуға ықпал ететін әрбір ұйымның пайдасы зор екенін атап өтті.

«Сіздер – отандық тауар өндірушілер мен операторлар арасындағы көпірсіздер, сіздер отандық жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы қазақстандық үлесті арттыра аласыздар – бұл сіздердің міндеттеріңіз», – деді Құлыбаев мырза.