Теңіз кен орнының қажеттіліктері үшін тамақтандыруды ұйымдастыру, нысандарды басқару және тасымалдау мәселелері бойынша форум өтті

3 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Теңіз кен орнының қажеттіліктері үшін тамақтандыруды ұйымдастыру, нысандарды басқару және тасымалдау мәселелері бойынша Форум өтті. Мақсаты тамақтандыруды ұйымдастыру, нысандарды басқару және тасымалдау саласындағы қазақстандық қызметтер нарығының мүмкіндіктерін зерделеу және талқылау болып табылатын форумның жұмысына 40-қа жуық компания қатысты. Форумның ұйымдастырушысы – «Теңізшевройл» ЖШС.

Форумға ТШО-ның әлеуетті жеткізушілері базасында тіркелген сервистік кәсіпорындар мен тиісті қызметтерді көрсетуге қызығушылық танытқан компаниялар шақырылды. Іс-шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері қатысты.

Қатысушылар Теңіз кен орнында және Атырау қаласында көрсетілетін кейтерингтік, әкімшілік-пайдалану және көлік қызметтеріне деген ТШО-ның қазіргі және болашақтағы қажеттіліктерімен танысты. Спикерлердің айтуынша, қазіргі уақытта Теңіз кен орнының асханаларында күніне 30 мыңға жуық ыстық тамақ беріледі. Теңіз кен орнының асханаларында СанЕмН нормаларынан басқа GMP стандарттары, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін басқару жүйесінің ережелері және «Шеврон» корпорациясының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі стандарттары сақталады.

ТШО өкілдерінің айтуынша, әлеуетті қамтушылар үшін, әкімшілік, шаруашылық және тұрғын үй нысандарына қызмет көрсету саласында да айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Теңіз кен орнында қызметкерлерді кір жуу және клинингтік қызметтермен тиісті қамтамасыз ету, рекреациялық бағыттағы көптеген нысандарды қамту,оларды тұрмыстық және шаруашылық жабдықтармен қолдау, сондай-ақ шығыс материалдарын жеткізу қажеттіліктері бар.

Бұдан әрі Теңіз кен орнына қажетті көліктік-жол қызметтеріне шолу жасалды. Компанияның мәліметтеріне сәйкес, ай сайынғы жолаушылар ағыны шамамен 270 мың адамды құрайды. Жолаушылар тасымалынан басқа, Теңізде компанияның автопаркін басқару, жолдар мен ұшу-қону жолақтарын қардан тазалау және көлік құралдарына жөндеу-техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтер де сұранысқа ие.

Форум «Теңізшевройл» ЖШС-мен ынтымақтастық үрдісін сипаттайтын презентациямен аяқталды. Әлеуетті жеткізушілер үшін ТШО-ның сыртқы сайтында қол жетімді SEOI деректер базасы бар. Өтініш беру және осы дерекқорға тіркелу барлық жеткізушілер үшін тегін. Форумнан кейін қатысушылар мен ұйымдастырушылар B2B сессияларында сөйлесіп, одан әрі ынтымақтастық үшін байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

«Теңізшевройл» ЖШС – шикі мұнай, сұйық және құрғақ газ, сонымен бірге күкірт өндірумен және өткізумен айналысатын қазақстандық компания. Жұмыстардың барлығы қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау бойынша халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісім негізінде құрылды.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің қазіргі кездегі серіктестері: «Шеврон» корпорациясы – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – 20%, «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» – 25% және «ЛукАрко» – 5%.