Жақында Атырауда аймақ жұртшылығымен кездесу барысында «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) өкілдері Болашақ кеңейту жобасы және Теңіз кен орнындағы Сағалық қысымды басқару жөніндегі жоба (БКЖ-СҚБЖ) туралы жаңартылған ақпаратты ұсынды.
БКЖ-СҚБЖ нормативті-құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі менеджер Нұртас Кенғанов айтып өткендей, 2019 жылдың бірінші жарты жылдығындағы жағдай бойынша республиканың 48 мыңнан астам азаматы Қазақстандағы жоба объектілерінде жұмыс істейді, бұл елдегі БКЖ-СҚБЖ персоналының жалпы санының 91%-ын құрайды.
Оның айтуынша, Болашақ кеңейту жобасын жобалау бойынша жұмыстарды орындау көрсеткіші 90%-дан асты. Теңізге Маңғыстау облысындағы «Ерсай» өндірістік алаңында дайындалған 51 құрама модульдік эстакада жеткізілді. Италияның Авенц қаласындағы өндірістік алаңнан барлық 5 газтурбиналық генераторлар жөнелтілді. Оңтүстік Кореяда модульдерді дайындау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда ол жақтан 34 модуль тиелген.
«Бүкіл Теңіз кен орнын пайдалануды басқарудың басты орталығы болатын өндірісті басқарудың біріккен орталығын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деп атап өтті Нұртас Кенғанов және «Базовая» қосалқы станциясындағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын екенін және көп ұзамай ол кернеу беруге дайын болатынын айтты.
Үшінші буын зауытында механикалық және электрлік жабдықтар мен бақылау-өлшеу аспаптарын монтаждау жұмыстары жалғасуда.
ТШО өкілі БКЖ іске асыру кезінде компания жобаны инженерлік-техникалық әзірлеу, модульдерді сатып алу және дайындау бойынша қызметтерді көрсету үшін қазақстандық компанияларды тартқанын хабарлады. Қазіргі уақытта 2200-ден астам қазақстандық компания алдын ала іріктеуден өтті, оның ішінде Қазақстанда тіркелген 450-ден астам компания БКЖ-СҚБЖ нысандарында жұмыс істейді.
«Жүзеге асып бастағаннан бергі жобаның шығысындағы қазақстандық қамту $6,7 млрд құрады. Техникалық мүмкіндіктерді бағалау бағдарламасы аясында ТШО мамандары 160-тан астам қазақстандық компанияға барды», – деді Нұртас Кенғанов.
Оның айтуынша, Ақтауда «Ерсай» компаниясының жұмыс көлемі 75 құрама модульдік эстакадалар жасауды қамтиды. Жалпы алғанда, қазақстандық кәсіпорын шамамен 60 000 тонна конструкциялар дайындайды. «ЕРСАЙ» алаңындағы жұмыстардың жобалық көлемі ағымдағы жылы аяқталады.
Теңізге тасымалдау үшін жүктерді тасымалдау маршрутының объектілеріне құрама модульдік эстакадаларды және блоктарды жеткізу үшін 3 кеме және 3 баржадан тұратын флот бөлінді.
«Барыс», «Бүркіт» және «Сұңқар» кемелері ККЖ шеңберінде арнайы жобаланып, құрама модульдік эстакадаларды тиеу үшін «Қазмортрансфлот» компаниясына берілді.
«Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» (ҚКОИ) қуаттары Болашақ кеңейту жобасы шеңберінде құрама модульдік құбыр эстакадаларын дайындау үшін пайдаланылды. 2018 жылы ҚКОИ 9 ірі және 1 шағын қашықтағы бақылау блогын дайындауға тапсырыс алды. Жұмыс көлемін 360 адамнан тұратын персонал орындайды, оның 97%-ы Қазақстан азаматтары болып табылады, қазақстандық қамту мөлшері – 75%.
Кадрларды даярлау
Ағымдағы жылдың шілде айында БКЖ-да Атырау облысының 2019-2020 жылдарға және Маңғыстау облысының 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша Кешенді бағдарлама басталды.
Бүгінгі күні дайындық және оқыту «АПЕК Петротехник жоғарғы колледжі»(АПЕК) және»Ақтау тренинг орталығы» оқу орталықтары базасында жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезеңі аясында 2019 жылдың қыркүйек айында Маңғыстау облысында 108 адам құрылыс мамандықтары бойынша оқуды аяқтады. Қазан айында 134 адам екінші кезең аясында оқытыла бастады.
Атырау облысында осы бағдарлама бойынша 238 адам ТШО оқу орталықтарында оқуды бастады.
Нұртас Кенғановтың айтуынша, компания ашық бос жұмыс орындарын өзінің ресми интернет-сайтында жариялайды, онда ашық бос жұмыс орындарын көруге және тізімнен тиісті лауазымды таңдау арқылы жұмысқа қабылдау үшін өтініш беруге болады.