Тимур Құлыбаев Petrocouncil алдына жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында қазақстандық үлесті арттыру міндетін қойды

«Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев, «Қазэнерджи» қауымдастығының төрағасы және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы аясында жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында өндірісті оқшаулау және қазақстандық қамтуды дамыту мәселелерін көтерді.

Мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңестің (Petrocouncil) хатшысы Асылбек Жәкиевтің отандық өндірушілерге салық преференцияларын беруді, олардың жағдайларын салық және кеден баждарын төлемейтін шетелдік жеткізушілердің жағдайларымен теңестіруді ұсынып сөйлеген сөзінен кейін, Тимур Құлыбаев: «Қазақстан – ірі кәсіпорындардың болғанына қарамастан, шағын нарық. Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, РФ сынды көрші нарықтарды зерделеу қажет. Сондай-ақ, экспортты қолдау жөніндегі шараларды талдау қажет, сол кезде ғана индустриялық аймақ туралы айтатын боламыз. Кез келген жағдайда сіздің жұмысыңыз пайдалы, «Сіздер – отандық тауар өндірушілер мен операторлар арасындағы көпірсіздер, сіздер отандық жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы қазақстандық үлесті арттыра аласыздар – бұл сіздердің міндеттеріңіз», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, Тимур Асқарұлы Petrocouncil-дың отандық кәсіпкерлерге жер қойнауын пайдаланушылардың жеткізілімдерін түсінуге көмектесетін алаң болатынына сенім білдірді. «Егер тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу динамикасын жылдар бөлінісінде қарайтын болсақ, жалпы алғанда, жергілікті қамту үлесі 40-тан 49%-ға дейін өзгереді. ТШО, ҚПО және NCOC үлесіне саладағы барлық сатып алулардың 77% (4 трлн. 640 млрд. теңгеден астам, – ескерт.) келеді. Тауарлар бойынша көрсеткіштер – 20%, оның ішінде машина жасау – небәрі 3%. Жаңа өнімді игеру әлеуеті 200 млн. АҚШ долларын құрайды. Өз кезегінде, «Атамекен» жергілікті қамтуды көп тартуға белсенді қатысуға және елдің кәсіпкерлік пулы мен «үлкен үштіктің» басшылығы арасындағы көпір болуға дайын», – деп атап өтті «Атамекеннің» басшысы.

Мемлекеттік ведомстволардың басшыларынан басқа кеңейтілген отырысқа отандық кәсіпкерлер, және Теңізшевройл ЖШС Бас директоры Иммер Боннер және NCOC басқарушы директоры Ричард Хоув қатысты. Асылбек Жәкиев NCOC компаниясының басшылығына отандық кәсіпкерлерге өндірісті жоспарлауға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді сатып алу жоспарын жариялағандығына алғыс білдірді, және Теңізшевройл ЖШС осы үлгіге еретініне сенім білдірді.  Тимур Құлыбаев, өз кезегінде 2019 жылдың 1 тамызынан бастап «Атамекен» алаңында Нарықты мониторингтеу және сараптау орталығы деп аталатын бірыңғай сатып алу терезесі іске қосылғанын айтты. Бұл алаңға мемлекеттік, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазАгро» Холдингі» АҚ және жер қойнауын пайдаланушыларды сатып алу базалары тоғысады.  Бірыңғай алаңда сатып алудың барлық көлемі бейнеленген, сонымен қатар бір уақытта бизнес реестр – кәсіпкерлердің базасы құрылады, ол компанияның не өндіретінін, оның несие тарихы қандай, кәсіпорын жұмысты орындауға қабілетті ме және т.б. көруге мүмкіндік береді. Контрагентте әрдайым кіммен жұмыс істейтінін, кәсіпорынның өзін-өзі қамтамасыз ете алатындығын және жұмысты нақты орындай алатындығын көруге мүмкіндік болады.

«Мемлекеттік органдар біртекті өнім сатып алатынын, мемлекеттік сатып алудың 75%-ы бір көзден сатып алу жолымен өтетінін көріп отырмыз. Өкінішке орай, бағаның артуы 30%-ға дейін жететінін байқаймыз. Жаңа жүйе өзі автоматты режимде баға ұсынысынан және рұқсат етілген нормалардан шектен тыс шығып өтіп жатқан мемлекеттік сатып алу туралы  ақпаратты беріп отырады. Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сатып алуға назар аударуға бірден белгі болады. Менің ойымша, бұл сатып алулардың ашықтығын арттырады», – деді Тимур Құлыбаев.

Кәсіпкерлермен кездесуден кейін, Тимур Құлыбаев Атырау МӨЗ қызметкерлеріне ведомстволық наградаларды табыс етті.  Сапар аясында қауымдастық басшысы кәсіпорын аумағын аралап, 2009-2017 жж. зауытты жаңғырту кезінде салынған жаңа технологиялық қондырғыларды қарап шықты. Елдегі ірі мұнайды терең өңдеу кешенінің жанында «АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Ш. Данбай KAZENERGY төрағасына зауытты жаңғыртудың үш кезеңінің нәтижелері туралы, сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру шеңберінде өндіріске енгізілген жүйелер туралы (RLG әдістемесі негізінде күрделі жөндеулерді тиімді дайындау және іске асыру, MES және SpiralPlan өндірістік үдерістерді басқару, IBM MAXIMO техникалық қызмет көрсету және жөндеуді басқару, Meridium APM инспекцияларды басқару және сенімділігін қамтамасыз ету) баяндады.