ТШО-да өндірісті оқшаулау және технологиялар трансферті жөніндегі жоспарлар туралы айтылды

20 қыркүйекте Атырауда «Бірегей жабдықтар өндірісін оқшаулау» форумы барысында «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бас директоры Имер Боннер белгілі бір тауар түрлерін оқшаулау және технологиялар трансферті үшін компания жүзеге асыратын бірқатар бастамалар туралы хабарлады.

«ТШО-ның Теңіз кен орны мен елдің мұнай-газ саласының мұқтаждықтары үшін қажетті бірегей құрал-жабдықтарды өндірушілермен ұзақ мерзімді келісім-шарттары бар. Осы ұзақ мерзімді келісім-шарттар аясында қазақстандық қамтуды дамыту жоспарлары әзірленді және бүгін мен осы стратегияның кейбір нәтижелерін жариялауға қуаныштымын», – деді Имер Боннер.

Оның айтуынша, технологиялық процестерді басқару жүйелерін автоматтандыру саласындағы әлемдік көшбасшы — Honeywell Kazakhstan компаниясымен ағымдағы жылдың қазан айында Алматы қаласында Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің базасында автоматтандыру орталығы мен тәжірибелік зертхана ашу туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ, Cameron және MRC компаниялары ТШО-мен келісімдер аясында клапандар өндірісін оқшаулауға ниетті. Атап айтқанда, Cameron Теңіз кен орнының аумағында жетектер мен орбиталық клапандарды құрастыру, жөндеу және қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отыр, ал клапанды жабдықтардың дистрибьюторы MRC мұнай-газ саласында халықаралық лицензия бойынша ең сұранысқа ие клапандардың екі үлгісін өндіруді бастауды жоспарлап отыр.

Бұдан басқа, «Шнайдер Электрик» ЖШС Атырау қаласында энергетика және энергиямен жабдықтау жүйелерін автоматтандыру саласындағы мамандарды оқыту үшін тренинг-орталығын ашады. Орталық түлектері халықаралық стандарттар бойынша кәсіби сертификаттаудан өтеді.