Жер қойнауын пайдалануға балама салық. Ол қалай әрекет етеді?

Мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын жақсарту және ресурстық базаны толықтыру үшін Қазақстанда заңнамалық реформалар жүргізілді және жаңа Салық кодексі мен Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданды. ҚР Энергетика Вице-министрі Әсет Мағауов заңнаманың жаңа нормалары қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

«Жер қойнауы туралы кодекс пен Салық кодексінің шеңберінде геологиялық барлауды ынталандыру, жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсімін оңайлату, келісімшарттарды, жобалық құжаттарды келісу және есептілікті ұсыну бойынша рәсімдерді жеңілдету бойынша нормалар көзделген», – деді ҚР Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов «Сібір мұнайы мен газы» журналына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, «жер қойнауын пайдаланушылардың салық салу жүйесі салықтарды азайту бөлігінде түбегейлі өзгерістерге ұшырады. 2019 жылдан бастап коммерциялық табылым бонусы салық түрі ретінде жойылды». Теңіз және аса терең кен орындары үшін (5000 м жоғары) жер қойнауын пайдалануға балама салық енгізу шешілді.

«Бұл салық қосымша болып табылмайды, ол жер қойнауын пайдаланушының баламалы тәсілмен: пайдалы қазбаларды өндіру салығы; тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем; үстеме пайда салығы; мұнай экспортына ренталық салық төлеу бойынша өзінің салықтық міндеттемелерін орындау мүмкіндігі болып табылады», – деп түсіндірді вице-министр.

Яғни, балама салықты енгізу арқылы салық жүктемесінің екпіні тікелей табыс алу сәтіне ауыстырылды.

Геологиялық барлауды ынталандыру және көмірсутек шикізаты бойынша қолайсыз барлау кезінде шеккен шығыстарды ішінара өтеу үшін жер қойнауын пайдаланушыға амортизацияланатын активтердің пайда болатын тобын шегеруге жатқызу жолымен шикізат өндіруге арналған келісімшарттардан түскен кірістер есебінен, бірақ 25%-дан аспайтын мөлшерде, барлауға жұмсалған шығыстарды өтеу құқығы берілген. Норма бір мезгілде өндіруге және барлауға арналған келісімшарттар болған кезде ғана қолданылады. 

Әсет Мағауов сондай-ақ, 2025 жылға қарай республикада мұнай өндіру көлемін 105-107 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты.

Ол ірі жобалар бойынша мұнай өндіруді арттыру үшін жаңғырту және қуаттылықты кеңейту жобалары іске асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Теңіз кен орнында болашақ кеңейту жобасы іске асырылуда, Қашаған кен орны газын кері айдау жөніндегі қуаттарды кеңейту, Қарашығанақ кен орнында өндіру барысын ұзарту жобасы жүргізілетін болады.

Қазақстандық компаниялар қосымша мұнай ағынын алу үшін мұнай беруді ұлғайтудың түрлі әдістерін қолданады: ағынды ауытқыту технологиялары, шикі газды сутоғыту, айдау, көлденең ұңғымаларды бұрғылау, полимерлік сутоғыту, қабаттарды сумен ажырату және т. б.

Сондай-ақ, Мағауов мырза соңғы бес жылда мұнай-газ саласында тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 1,6 есеге – 74-тен 120 млрд теңгеге дейін артқанын атап өтті.

«Үш ірі жобадағы («Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ») тауарларды сатып алу көлемі барлық мұнай-газ секторының 50%-ын құрайтынын ескере отырып, жергілікті қамту өсімінің негізгі әлеуеті және отандық машина жасауды дамыту үшін резервтің болуы осы жобаларда шоғырланған», – деді ол.

Оның мәліметінше, негізгі үш оператордың сатып алуындағы соңғы бес жылдағы тауарлардағы жергілікті қамту үлесі 1,3 есеге – 15-тен 19 млрд теңгеге дейін артты.

Қалған кен орындарында тауарлардағы жергілікті қамту үлесі 1,6 есеге – 62-ден 101 млрд теңгеге дейін артты.

2018 жылы ТШО, ҚПО және НКОК операторлары 245 млрд теңге сомасына тауар импорттады, оның ішінде жергілікті өндірушілерден тек 19 млрд теңге немесе 7,3%-ға ғана сатып алынды. Ал қалған жобаларда тауарлардағы жергілікті қамту 101 млрд теңге сомасына 38%-ды құрады.

Энергетика вице-министрі ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, үш оператор мен отандық өндірушілердің қатысуымен мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту бойынша жұмыс тобын құрғанын хабарлады. Осы топ шеңберінде техникалық мамандар арасында жұмыс кездесулері мен бейнеконференциялар өткізілді, барлық жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары талданды, одан кейін одан әрі оқшаулау үшін машина жасау өнімдерінің 26 түрінің тізімі анықталды, сондай-ақ жалпы сомасы 58 млрд. теңге болатын 2019-2025 жылдарға арналған мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді.