«Ембімұнайгаз» АҚ ілеспе мұнай газын кәдеге жарату арқылы өзін-өзі электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұл бастама өндірістік шығындарды азайтып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға да мүмкіндік беруде.

“Ембімұнайгаз” АҚ– на қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Оңтүстік-Батыс Қамысты кен орнында қуаты 4,8 МВт болатын газ поршенді электр станциясы іске қосылды. Аталған станция Оңтүстік-Батыс Қамысты, Оңтүстік-Шығыс Новобогат, Оңтүстік-Шығыс Қамысты және Жаңаталап кен орындарын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.

Компанияның бас энергетигі Жәнібекбай Төлегеновтің айтуынша, газ поршенді электр станциясын іске қосу ілеспе мұнай газын тиімді пайдалануға және кен орындарының өндірістік әрі шаруашылық қажеттіліктерін өз электр қуатымен өтеуге жол ашады. Соның нәтижесінде сырттан электр энергиясын сатып алу көлемі қысқарып, шығындар шамамен 55 пайызға дейін азаяды. Айта кету керек, электр энергиясының тарифі 2019 жылдан бері 160 пайызға өсіп, қазіргі таңда 42,78 теңгені құрайды.

Оңтүстік-Батыс Қамысты кен орнында жылына 12 миллион текше метр ілеспе газ өңделіп, жылына 26,28 миллион кВт/сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл көрсеткіш кен орындарының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биыл «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты Гран кен орнында және «Қайнармұнайгаз» басқармасына қарасты Шығыс Уаз кен орнында үш газ поршенді электр станциясы іске қосылды. Қазіргі таңда бірқатар кен орындары ілеспе газ арқылы өндірілген электр қуатын пайдаланып отыр.
Алдағы уақытта “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясына қарасты «Ембімұнайгаз» АҚ бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр. 2026 жылға қарай ілеспе мұнай газын тиімді пайдалану мақсатында тағы бес жобаны іске қосу көзделген. Нәтижесінде 16 кен орны электр энергиясымен қамтылатын болады. Бұл жобалар Сағидолла Нұржанов, Ақтөбе, Шығыс Мақат, Солтүстік Қотыртас және Забурунье кен орындарында жүзеге асырылмақ.
