Атырау, 2025 жылғы 25 шілде: NCOC компаниясы мен PetroCouncil Атырауда алғаш рет су астында тексеру жүргізу және техникалық қызмет көрсету бойынша форум өткізді. Форумның жұмысына NCOC компаниясы салалық бөлімдерінің мамандары, сонымен қатар осы тектес қызметтерді тұтынушы және көрсетуші қазақстандық компаниялардың өкілдері қатысты.
«Соңғы үш жылда PetroCouncil салалық мамандандырылған алаңдар өткізуге басты назар аударуда. Мұндай алаңдарда тапсырыс берушілер, қызмет көрсетушілер және жұмыстарды орындаушылар өздерін толғандыратын мәселелерді кәсіби және нақты түрде талқылап, қажетті ақпаратты бір-бірінен тікелей ала алады. Бүгінгі Форум NCOC компаниясының суасты жұмыстары бойынша қызмет көрсетуші көптеген компаниямен танысуы үшін керемет алаң болатынына және компанияның жабдықтаушылар дерекқорын айтарлықтай үлкейтіп, әділ тендерлік процедуралары барысында ең лайықты жабдықтаушыны анықтауына көмектесетініне сенімдімін», - деді PetroCouncil төрағасы Асылбек Джакиев құттықтау сөзінде.

Іс-шара барысында NCOC сала мамандары қызмет көрсетушілерді тіркелу және біліктілікті алдын ала бағалаудың негізгі аспектілермен, жергілікті қамтуға қатысты талаптармен, NCOC тендерлеріне қатысудың жалпы үдерісімен, суасты инспекциясы қызметін көрсету және теңіз жабдықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыс көлемімен таныстырды. Суасты инспекциясы бойынша жұмыс көлеміне сүңгуірлердің суасты нысандарын көзбен шолып тексеру жұмыстары, алаңдарды және құбыр жолдарын тазарту жұмыстары, қадалар қағу кезіндегі қосалқы құрылыс қызметтері, кабель тарту жұмыстары, баржалар мен буксирлердің корпустарын тексеру жұмыстары, теңіз кемелерін тазалау және оларға техникалық қызмет көрсету жұмыстары, техникалық күйді тексеру үшін қажет аудио және бейнетүсірілімдер жүргізу жұмыстары, магнитті-ұнтақты дефектоскопия, бүтіндікті сақтап тексеру және басқа да көптеген мамандандырылған қызметтер кіреді.
Солтүстік Каспий жобасының операторы жергілікті компаниялардың технологиялық мүмкіндіктерін дамытуға баса назар аударып отыр. Бұл ретте сапа мен қауіпсіздікке қойылатын талаптарға сәйкес келетін және бәсекеге жарамды материалдар мен қызметтер ұсына алатын жергілікті жабдықтаушыларға артықшылық беріледі .
Қатысушылар Форумның жұмысына оң баға беріп, ұйымдастырушыларға Солтүстік-Каспий жобасы операторының тендерлерінен өту туралы толық ақпарат алу мүмкіндігін ұсынғаны үшін алғыс айтты. «Біз суасты техникалық қызмет көрсету нарығында маманданған компаниялар ретінде PetroCouncil мен NCOC компанияларына осы Форумды ұйымдастырғандары үшін ризашылығымызды білдіреміз. NCOC мамандарынан алған ақпарат пен жауаптардың арқасында тендерлік ұсынысымызды сапалы түрде жасақтап, компаниямыздың тексерілген NCOC жабдықтаушылары пулына кіру мүмкіндігімізді арттырамыз», - деді қазақстандық FSDS компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі үйлестірушісі Әділжан Абдрахманов.
Өз кезегінде PetroCouncil да NCOC компаниясына мамандандырылған қызмет көрсетушілердің ашық нарығын қалыптастыру бастамасы үшін алғысын білдіріп, мұнай саласы қызметтерінің басқа бағыттары бойынша да осы тектес іс-шаралар жүргізу түріндегі конструктивті ынтымақтастықты жалғастыруға үмітін білдірді.
