Халықаралық инжинирингтік Técnicas Reunidas (TR) компаниясы Қазақстанның мұнай-газ және мұнай-химия салалары үшін жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлауға бағытталған TRAiming The Future білім беру бағдарламасының жаңа кезеңін іске қосатынын жариялады.
Бағдарлама аясында компания өкілдері ақпан айының соңында Назарбаев Университетіне барып, инженерлік мамандықтардың студенттерімен ашық кездесу өткізді. Қатысушыларға кәсіби өсу мүмкіндіктері, халықаралық жұмыс стандарттары және қазақстандық жоғары оқу орындары түлектерінің компанияның жаһандық жобаларына қалай тартыла алатыны туралы айтылды.

Сонымен қатар, TR еліміздің басқа да жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен – Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ), Satbayev University және Алматыдағы ҚазБСҚА халықаралық білім беру кешенімен өзара іс-қимылды кеңейтті. Бұл сапарлар компанияның Қазақстанның инженерлік әлеуетін дамыту және өндіріс пен академиялық орта арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі болды.
Студенттермен кездесу барысында компания өкілдері болашақ инженерлерді халықаралық кәсіби ортада жұмыс істеуге дайындауға ерекше көңіл бөлді. TR сарапшылары заманауи индустриялық жобаларда сұранысқа ие негізгі құзыреттер, сондай-ақ академиялық білімді іс жүзінде қалай қолдануға болатыны туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.
Интерактивті сессияларға 50-ден астам студент қатысты. Онда жас мамандардың мансаптық жолдары, халықаралық инженерлік жобалардың талаптары және қазақстандық түлектердің жаһандық командаларға қосылу мүмкіндіктері талқыланды.

Алты айлық дайындық және халықаралық тағылымдама
TRAiming The Future бағдарламасы испан тарапынан толық қаржыландырылады және алты айлық қарқынды дайындыққа негізделген. Ол екі кезеңнен тұрады:
* Бірінші кезең – үш айлық қашықтықтан оқыту модулі. Мұнда қатысушылар заманауи инженерлік стандарттар мен цифрлық құралдар бойынша онлайн білім алады.
* Екінші кезең – Técnicas Reunidas компаниясының Мадридтегі бас кеңсесінде өтетін үш айлық тағылымдама. Онда қатысушылар тәжірибе жинақтап, компанияның нақты халықаралық жобаларына қатысады.

«Silleno» жобасына қатысу
2026 жылы тағылымдамадан өтушілер Қазақстанның стратегиялық жобаларының бірі – Атырау облысындағы «Silleno» полиэтилен зауытының құрылысы аясында практикалық тәжірибе жинақтай алады. Осылайша, студенттер оқу кезеңінде-ақ ауқымды индустриялық нысанның жұмыс процесімен танысуға мүмкіндік алады.

«Адам капиталына бүгін салынған инвестиция – ертеңгі инженерлік экожүйенің тұрақты дамуының кепілі. Біз студенттерді оқытып қана қоймай, олар үшін компанияның халықаралық жобаларында нақты мансаптық мүмкіндіктер ашуға тырысамыз», – деп атап өтті Técnicas Reunidas өкілдері.
TR өкілдерінің айтуынша, бұл бағдарлама әлемдік инженерлік стандарттар бойынша жұмыс істей алатын мамандарды даярлаудың маңызды құралы болып қала береді. Оқуды сәтті аяқтаған қатысушылар компания жобаларында әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстанда мұнай-газ-химия саласының қарқынды дамуы жағдайында мұндай бастамалар кадрлық резервті қалыптастыруға және білікті техникалық мамандар тапшылығын жоюға септігін тигізеді.
