ҚПО жұмыскерлерінің жалақылары Батыс Қазақстан облысы бойынша орташа жалақыдан 3 есе жоғары

Компания еңбекақы төлеу мониторингін жыл сайын бүкіл сала бойынша жүргізіп отыады. Бұл туралы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» (ҚПО) компаниясының бас директоры Эдвин Блом ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевпен кездесу барысында айтты.

Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, «тараптар кәсіпорында еңбек заңнамасының орындалуын, соның ішінде шетелдік мамандарды тарту жөнінде, сонымен қатар көп балалы және аз қамтамасыз етілген қызметкерлерге қолдау көрсету мәселелерін талқылады».

«Бүгінгі таңда Қазақстанда жоғары білікті, соның ішінде 3-ші және 4-ші санатты мамандар дайындау жүргізілуде. Сондықтан Қазақстанда жоқ мамандардан басқа, шетелдік жұмыс күшін көптеп тартудың бұрынғыдай қажеттілігі жоқ», – деді Бердібек Сапарбаев кездесу барысында.

Оның айтуынша, қызметкерлердің жалақысын жыл сайын инфляциядан төмен емес деңгейде жоғарылатуға компанияның ерекше назар аударуы, сонымен қатар жұмысшыларды негізсіз қысқартуға жол бермеуі қажет.

ҚПО бас директорының ақпараты бойынша, компания жыл сайын жалақыны бүкіл сала бойынша мониторингтеуді жүргізеді. Бүгінде кәсіпорын жұмыскерлерінің жалақысы Батыс Қазақстан облысы бойынша орташа жалақыдан 3,3 есе артық.

«Компания кәсіпорын жұмыскерлерінің барлығы үшін әділ және тең еңбек жағдайларын сақтаған. Ұжымдық шарт арқылы компания басшылығы мен жұмыскерлер арасындағы тұрақты диалог мүмкіндігі қамтамасыз етілген», – деп сендірді Эдвин Блом.

Ол «осыған ұқсас талаптар мердігерлік ұйымдарға да қойылатындығын» атап өтті.

«Және біз еңбек заңнамасының орындалуына қатысты олардағы ахуалды, соның ішінде жоспардан тыс тексерістер арқылы қадағалап отырамыз», – деді компанияның басшысы.

Еске сала кетелік, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» Қарашығанақ кен орнын игеру жобасының операторы болып табылады.

ҚПО консорциумының құрамына «Эни СпA» (29,25%), «Шелл» (29,25%), «Шеврон» (18%), «ЛУКОЙЛ» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) компаниялары кіреді.

Қарашығанақ кен орны Батыс Қазақстан облысында орналасқан және 280 шаршы км аса аумақты алып жатыр. Оның  есептік бастапқы көмірсутек қорлары 9 млрд баррель конденсат және 48 трлн текше фут газ құрайды, ал жалпы бағалау қорлары 2,4 млрд баррель конденсаттан және 16 трлн текше фут газдан асады.

Фото: kapital.kz