Атырауда I PetroMaintenance 2023 Форум-көрмесі өтті

22 қыркүйекте Атыраудағы Infinity Eco Park аумағында мұнай-газ және мұнай сервисі нарықтарының негізгі қатысушыларын біріктірген мұнай-газ саласындағы техникалық қызмет көрсету және жөндеу мәселелеріне арналған I PetroMaintenance 2023 Форум-көрмесі өтті.

Форум-көрмені ҚР Энергетика министрлігі, PSA, ТШО, NCOC, TotalEnergies E&P Dunga, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және ҚПО қолдауымен Petrocouncil Мұнай-газ кеңесі мен «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастырды.

Іс-шарада Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ құттықтау сөз сөйлеп, Форум алаңы өңірдегі мұнай сервисін дамыту үшін жақсы драйвер болатынын, сондай-ақ пайдалы бастамаларды іске асыруға серпін беретінін атап өтті. Ол қатысушыларды Атырау облысының аумағында іске асырылып жатқан жаңа инвестициялық жобалармен (газ өңдеу зауытының (ГӨЗ), бутадиен өндіру зауытының және басқа да бірқатар өндірістердің құрылысы) қысқаша таныстырып, олардың ондаған мың жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететініне сенім білдірді.

ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек ЖАМАУОВ өз сөзінде Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын одан әрі игеру шеңберінде Қазақстанда екі жаңа ГӨЗ салынатыны туралы хабардар етіп, осындай күрделі жобаларды іске асыру кезінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту қажеттігіне назар аударды.

«Бұл жерде операторлар бейқамдық танытпауы керек және шетелдік компаниялардың қызметтерін пайдаланбас бұрын қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктерін бағалау қажет», – деп атап өткен вице-министр операторлар үшін бірқатар ұсыныстарды айтты. Олардың ішінде: тендерлерді тек жергілікті компаниялар арасында өткізу; тендерлерге қатысқысы келетін шетелдік кәсіпорындарды жергілікті компаниялармен бірлескен кәсіпорындар (БК) құруға міндеттеу; Бірлескен кәсіпорындарды сатып алуларды тек ҚР аумағында жүзеге асыруға міндеттеу бар.

KMG KASHAGAN B. V. Бас директоры Бақытжан ХАСАНОВ жоспарлы күрделі жөндеу сияқты ауқымды жобаларды жоспарлау кезіндегі тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді әлеуетті жеткізушілер рөлінің, сондай-ақ олардың өндірістік нысандар операторларымен ерте іс-қимылының маңыздылығына тоқталды. «Жоғары деңгейдегі өзара бірлескен іс-қимылға қол жеткізу үшін бірлескен талдау жүргізу, жобаның қажеттілігін түсіну, құзыретті әлеуетті мердігерлерді анықтау және бағалау, ұзақ мерзімді ынтымақтастық мақсатында келісімшарттар жасау сияқты факторлар негізгі рөл атқарады», – деп түйіндеді ол.

PSA ЖШС Бас директорының келісімшарттар және іске асыру жөніндегі орынбасары Нұржан ҚИСМЕТОВТЫҢ айтуынша, мұнай-газ нысандарына техникалық қызмет көрсету мен жөндеуге байланысты жұмыстардың жергілікті қамту бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін шарттар бойынша орындалуына ерекше назар аударылады.

«Жалпы алғанда, Өнімді бөлісу туралы келісім жобаларындағы жергілікті қамту деңгейі әрқалай. Атап айтқанда, соңғы жылдары Техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметтеріндегі жергілікті қамту оң динамикаға көрсетіп келеді. Осы қызметтерді салыстырсақ, 2020 жылы жергілікті қамту деңгейі шамамен 60 пайызды құраса, қазіргі уақытта ол орта есеппен 70 пайыздан асады», – деп атап өтті ол.

«Атамекен» ҚР ҰКП Мұнай-газ операторларымен өзара іс-қимыл жөніндегі ресми өкілі Асылбек Жәкиев Рetrocouncil жұмыс істеген жылдарында мұнай-газ саласының өзекті мәселелерін талқылау үшін, сондай-ақ мұнай-газ операторлары мен мемлекеттік органдардың мұнай сервистік компаниялармен өзара іс-қимылы үшін танымал және тиімді алаңға айналғанын атап өтті.

«Биыл Рetrocouncil үшінші Форум өткізіп отыр және техникалық қызмет көрсету тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Алдағы жылдары осы бағыт шеңберінде ТШО, NCOC, ҚПО, Total Dunga сияқты компаниялардағы сатып алудың жалпы көлемі шамамен 2,7 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін деп күтілуде, – деп атап өтті А.Жәкиев. – Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ ТМД, Испания, Италия, АҚШ және Түркия елдерінен 450 компаниядан 700-ден астам адам қатысуға ниет білдірді. Мойындау керек, біз мұндай үлкен сұранысты күткен жоқпыз, бірақ Теңіздегі Келешек кеңеюі жобасының аяқталуын және саланың басқа да ірі жобаларын іске асырудағы белгісіздікті ескере отырып, техникалық қызмет көрсету нарығы шағын және орта бизнес субъектілері үшін өте перспективалы екенін көрсетеді».

Форум аясында төрт панельдік сессия өтті, оның барысында ірі мұнай-газ операторларының топ-менеджерлері мен жетекші мамандары мұнай-газ нысандарына күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша жоспарларымен, кәсіпорындардың активтерін басқару, өнеркәсіптік қауіпсіздік, БжӨ, автоматтандыру және тағы басқа салалардағы тиімді тәсілдерімен бөлісті.

Өз кезегінде, мұнай сервистік компаниялар жобаларды іске асырудағы тәжірибелерімен бөлісіп, мұнай-газ жабдығына техникалық қызмет көрсетудегі өз әлеуеттері туралы айтып берді. Әр панельдік сессия барысында қызығушылық танытқандар сұрақтарын қойып, объективті ақпарат алуға мүмкіндік алды.

Форумның алдында ивенторлар өз тарихында алғаш рет осындай іс-шараларды ұйымдастыру кезінде мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер және жеткізушілердің тауарлары мен қызметтерінің көрмесін ұйымдастырды. Мәселен, «ТексолКазСервис» ЖШС көрмеде өзінің резервуарларды тазалауға арналған роботтандырылған қондырғысын ұсынды. Өздігінен қозғалатын робот басқару, бақылау және бейнебақылау жүйесінің көмегімен резервуарды қашықтан бір адамның басқаруымен тазалай алады.

«Қондырғы люк диаметрі 500 миллиметр болатын резервуарларды тазартуға арналған, бұл әлемдік масштабта сирек кездеседі. Сонымен қатар, Қазақстанда баламасы жоқ. Келесі жылдан бастап бұл қондырғылар Атырауда шығарылатынын атап өтемін», – деді компания директоры Бауыржан ЖАЙҒАЛИЕВ.

«Маған қазір қазақстандық қамтуды кеңейту үрдісі жүріп жатқаны ұнады. Отандық бизнес алдында енді ірі жобаларда жұмыс істеу үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймын», – деп пікір білдірді мұнай-газ секторында құрылыс-монтаждау жұмыстарына маманданған 100 пайыз қазақстандық компания – CES Kazakhstan ЖШС директоры Евгений ПЛЯСУНОВ.

Анықтама үшін:

Форум-көрменің алтын серіктесі «ИНТРА» БК» компаниясы, күміс серіктесі- ТексолКазСервис, CES Kazakhstan, ROSEN Group, қола серіктесі – «Ханиуэлл – автоматты басқару жүйесі», KMG Automation, «Новус Болашақ», Castolin eutectic Middle East FZE, Successful attempt.

Көрмеге «Қазақстан Флуид Систем Технолоджис» ЖШС, ROSEN Group, «ТексолКазСервис» ЖШС, «Флэндж» ЖШС, «Эф Джи Пи Саплайерс Груп» ЖШС және «KazBoltServis» ЖШС қатысты.

Форум-көрмені ұйымдастырушылардың қатарында «Мағыналы бизнес» PR агенттігі» ЖШС де бар.

Petrocouncil мұнай-газ кеңесі жергілікті қамтуды дамыту мақсатында ірі жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілері арасындағы тиімді диалог алаңы екенін дәлелдеді. Petrocouncil мұнай-газ компанияларымен, операторлармен, Қазақстандағы, сондай-ақ жақын және алыс шет елдердегі түрлі мүдделі тараптармен тығыз байланыс орнатты.

Біздің іс-шаралар:

Ratings of key industry experts:

PetroDigital Forum:

PetroHR Forum: