Petropolymers & PetroChemicals I Халықаралық форумы

16 ақпанда Атырауда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Petrocouncil мұнай-газ кеңесі Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласы мен полимерлер нарығына арналған Petropolymers & PetroChemicals I Халықаралық форумын өткізді.

Форумда шағын және орта бизнестің қатысуымен жаңа жобалар құру, отандық полипропиленді қайта өңдеу бойынша шағын индустриялық аймақты қалыптастыру және дамыту, полимерлерді қайта өңдеу жөніндегі жобалар, EPC-жобалар, МӨЗ құрылысы бойынша өзекті мәселелер, сондай-ақ «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын («ҰИМТ» АЭА) одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Petrocouncil мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жәкиев мұнай-газ химиясы өндірістері Қазақстанда кеңестік кезеңнен бастап табысты жұмыс істейтінін, ал 2007 жылы республикада осы саланы дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданғанын, алайда жаңа жобаларды толыққанды дамыту салыстырмалы түрде жақында басталғанын атап өтті.

«Атырау облысы – ел тарихындағы ірі жобалар іске асырылып жатқан «ҰИМТ» АЭА орналасқан республиканың мұнай-газ химиясының орталығы. Біздің алаңның міндеті – мұнай-газ нарығының негізгі қатысушыларын шағын және орта бизнес субъектілерімен кездестіру, бизнес өкілдеріне сатып алынатын тауарлар мен қызметтер туралы, салынып жатқан кәсіпорындар туралы ақпарат алуға, өз өндірістерін жергілікті жерде орналастыру мүмкіндіктерін және отандық шикізаттан тауарлар өндіру бойынша жаңа кәсіпорындар ашу перспективаларын қарастыруға мүмкіндік беру», – деп атап өтті ол.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өз сөзінде кәсіпкерлерді тек мұнай-газ химиясына ғана емес, өңір экономикасына да белсенді инвестиция салуға шақырды.

«Өткен жылы Атырау облысында 51 млрд теңгеден астам сомаға 6 инвестициялық жоба іске асырылды, биыл 53 млрд теңгеге тағы 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жалпы 2024-2028 жылдары облыста жалпы сомасы 6,2 триллион теңгеге 24 ірі жобаны, оның ішінде мұнай-газ химиясы жобаларын пайдалануға беру көзделіп отыр», – деді өңір басшысының орынбасары.

ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов мұнай-газ химиясы жобаларындағы жергілікті қамтуды көбейту бойынша өз ведомствосында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен стратегиялар туралы, сондай-ақ осы саладағы жергілікті өндірістерді дамыту жөніндегі жоспарлары туралы айта отырып, 2022 жылы іске қосылған соң мультипликативтік әсер тудырған полипропилен өндіретін «KPI» ЖШС-нің мысалын келтірді.

«Статистика көрсеткендей, отандық полипропилен өнімдері әлі де жеткілікті түрде бағаланбай отыр, – деді ол, – және біз бұл мәселені шешу үшін жұмыстанамыз. Қазір  импорттап отырған барлық жоғары сапалы өнім Қазақстанда шығарылуы мүмкін және шығарылуы тиіс». Осыған байланысты министрлік бизнес субъектілері үшін қажетті жағдайлар жасау және мұнай химиясын аралас салалармен ықпалдастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Алғашқы қорытындылар осы жылдың сәуір айында жарияланады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебай мұнай-газ-химия саласындағы артықшылықтарға тоқталып, әлемнің бірде-бір елінде мұндай жеңілдіктердің жоқ екенін және бұл метанол, полиэтилентерефталат, полипропилен, бутадиен және басқа да өнімдерді өндіру бойынша бірқатар жобаны іске асыруға бастау болғанын атап өтті. Осы ірі мұнай-газ-химия кешендерінің құрылысы жақын арада басталады деп жоспарлануда.

Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Еуропадан, Қытайдан, Түркиядан, ТМД елдерінен барлығы 420 компанияның 600-ден астам өкілі қатысты. Және жергілікті мазмұнды дамыту мәселесі біраз спикердің баяндамасына арқау болды.

SGS Group – зертханалық сынақтар, инспекция және сертификаттау саласындағы әлемдік көшбасшы – компанияның «KPI» ЖШС-де зертханасы бар. Компанияның вице-президенті Ариан Прааттың айтуынша, зертханада жергілікті кадрлар еңбек етеді, олардың арасында бакалавр және магистр дәрежелі мамандар бар. Праат мырза мамандардың теориялық білімінің жоғары деңгейін атап өтіп, қазақстандық қызметкерлердің тәжірибесін арттыру бойынша арнайы бағдарламалар туралы сөз қозғады (SGS-тің әлем бойынша 2000-нан астам зертханасы бар).

«Қазақстанда жұмыс істеген 30 жылдан астам уақыт ішінде компания халықаралық дәрежедегі 14 зертхана ашып, әрі қарай олардың санын көбейтуді жоспарлап отыр. Сондықтан SGS Group компаниясы республиканың жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс ұстап отыр. Мысалы, Атырау Мұнай және газ университеті арасында ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық, оның аясында студенттердің практикалық дағдыларды игеру мүмкіндігі қарастырылған», – деді ол.

Форум барысында мұнай-газ химиясы саласының ірі отандық және халықаралық компанияларының («QazagGaz» ҰК» АҚ, «KPI» ЖШС, АМӨЗ, «ТатНефть» ЖАҚ, «GPC Investment» ЖШС, «Шеврон» Еуразиялық бөлімшесі), сондай-ақ бірқатар қазақстандық кәсіпорындардың басшылары мен жетекші мамандары баяндама жасап, таныстырылымдарын көрсетті, іске асырылып жатқан жобалар мен әртүрлі мәселелерді шешудің сәтті кейстерімен бөлісті.

«Newteсh Systems Group» ЖШС – мұнай-газ саласында құрылыс және іске қосу-реттеу жұмыстарымен айналысатын 100% қазақстандық компания. 2011 жылдан бастап нарықта жүрген компания тауарлардың кейбір түрлерін жергілікті жерде өндіруді сәтті жүзеге асырды.

«Атап айтқанда, ТШО-ның үшінші буыны зауыты үшін арнайы Кореяда тапсырыс берілген тот баспайтын болаттан жасалған ауа өткізгіштер бар, өйткені біздің нарықта мұндай материалмен бізге дейін ешкім жұмыс істемеген. Өндіруші зауытта технологияны зерделегеннен кейін біздің компания қажетті жабдықтарды сатып алып, цех салды, сайып келгенде, Атырау облысында тот баспайтын болаттан жасалған ауа өткізгіштерді бірінші болып шығарды, – деді «Newtech Systems Group» ЖШС сапаны бақылау бөлімінің басшысы Талап Захарьянов. – Осы форумда біз жаңа серіктестіктер тауып, жемісті ынтымақтастыққа жетеміз деген сенімдеміз. Жалпы мұндай іс-шаралар отандық индустрияны одан әрі дамытуға септігін тигізеді деп санаймын».

Форумның серіктестері: SGS Kazakhstan Ltd, «КазТурбоРемонт» ЖШС, «Newteсh Systems Group» ЖШС, Consolidated Contractors Company, «Найхаус Саур Индастрис», «Denholm Zholdas» ЖШС, «Jusan Mobile» АҚ, «Мағыналы бизнес» PR-агенттігі.

Анықтама

Petrocouncil мұнай-газ кеңесі – жергілікті қамтуды дамыту мақсатында ірі жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілері арасындағы тиімді диалог алаңы. Petrocouncil мұнай-газ компанияларымен, операторлармен, Қазақстандағы, сондай-ақ жақын және алыс шет елдердегі түрлі мүдделі тараптармен тығыз қатынас орнатты.