Мұнай өндірудің әлемдік рейтингінде Қазақстан қандай орында тұр

2018 жылы Қазақстанда көмірсутегі шикізатының 90,3 млн. тонна мөлшеріндегі рекордтық көлемі өндірілді. Ағымдағы жылы ҚР Энергетика министрлігінің жоспары бойынша өндіру деңгейі 89 млн. тоннаға дейін төмендесе де, республика бұрынғысынша әлемнің ең ірі мұнай өндіруші елдерінің бірі болып қалуда.

«Мұнай және газ ақпараттық-талдамалық орталығы» АҚ-ның (МГАТО) хабарлауынша, бүгінгі күні еліміз әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші 20 елдің қатарына кіреді.

Мәселен, BP-ның 2019 жылға арналған деректері бойынша Қазақстанда алынатын мұнай қоры 3,9 млрд.баррельді немесе жалпы әлемдік қорлардың 1,9%-ын құрайды. 2018 жылы жалпы әлемдік мұнай өндірудің 2%-ы еліміздің үлесіне тиесілі болды, осылайша Қазақстан әлемде 13-ші орынды иеленді.

МГАТО деректері бойынша 2019 жылғы маусымда Қазақстанда мұнай өндіру 7,8 млн. тоннаны немесе тәулігіне 1,96 млн. баррельді құрады. Бұл ретте Thomson Reuters деректері бойынша әлемдік мұнай өндіру ағымдағы жылдың маусым айында тәулігіне 101,3 млн. баррельді құрады. Осылайша, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында Қазақстанға әлемдегі мұнай өндірудің 1,9%-ы тиесілі болды. 2018 жылы тәулігіне 11,4 млн.баррель және 2019 жылғы маусымда тәулігіне 11,15 млн. баррель мұнаймен ТМД елдері арасында республика Ресейден кейін екінші орында тұр.

МГАТО деректеріне сәйкес, 2018 жылы әлемде өндірілген мұнайдың жалпы көлемінің 16%-ымен АҚШ ең ірі мұнай өндіруші болды. Одан кейінгі орында Сауд Арабиясы – 13%. Үшінші орынды 12%-бен Ресей иеленді. Бұдан әрі әлемдік өндірудің 6%-ы – Канадаға, 5%-ы – Иранға, 5%-ы – Иракқа,– 4%-ы – БАӘ-іне, 4%-ы – Қытайға, 3%-ы – Кувейтке, 3%-ы – Бразилияға, 2%-ы – Мексикаға, 2%-ы – Нигерияға, 2%-ы – Қазақстанға, 23%-ы – қалған елдерге тиесілі.  

2019 жылғы маусымдағы мәліметтер бойынша, мұнай өндірісінің жалпы көрінісі мынадай: әлемдік мұнай өндіруден 19%-ы – АҚШ-тың, 2%-ы – Қазақстанның, 1%-ы – Ливияның, 1%-ы – Венесуэланың, 2%-ы – Иранның, 26%-ы – МЭМҰ-ның (Мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымы) үлесінде. Яғни, бұл өндіруді қысқарту бойынша мәміледен босатылған Иран, Венесуэла және Ливиядан басқа картельге кіретін 11 ел. ОПЕК+-тің басқа қатысушыларының үлесіне әлемдік мұнай өндірудің 16%-ы, қалған елдерге-33%-ы тиесілі.

МГАТО-ның түсіндіруінше, бүгінде ОПЕК+ елдерінің келісімі шеңберінде Қазақстанның бірқатар міндеттемелері бар. 2018 жылдың соңында республика ОПЕК+ мұнай өндіруді қысқарту туралы келісімге қол қойды.

Еліміз мұнай және газ конденсаты өндірісін тәулігіне 40,0 мың баррельге, яғни 1 900 баррельден (2018 жылғы қарашадағы деңгей) 1 860 баррельге дейін төмендетуге келісті.

Ағымдағы жылғы шілде айының басында МЭМҰ+ елдері келісімнің шарттарын 2020 жылғы 31 наурызға дейін тағы 9 айға ұзарту туралы шешім қабылдады.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын орташа өндіру 44,2 млн. тоннаны немесе тәулігіне 1 857,8 мың баррельді құрады, бұл келісіммен талап етілетін деңгейден 2,2 мың баррельге төмен.

«Қазақстанның Келісім талаптарын сақтауының негізгі факторларының бірі өндірістік объектілерінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты, еліміздің үш ірі мұнай өндіруші компанияларының өндіруді қысқартуы болды», – деп атап өтті МГАТО талдаушылары.

Бұл ретте North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) өндіруді айтарлықтай қысқартты. МГАТО деректері бойынша, консорциум өндіруді 42,5 мың тоннадан (ақпан айындағы орташа тәуліктік өндіруді) сәуір айының ортасында 0 тоннаға дейін төмендетті және іске қосу жұмыстарын тек бір айдан кейін мамыр айында ғана бастады. Компания өндіруді тоқтатуға дайындықты ағымдағы жылдың наурыз айында бастады.

Сәуір айында «Теңізшевройл» ЖШС-ның (ТШО) екінші буын зауытында да 10 күн бойы жөндеу жұмыстары жүргізілді, осы кезеңде компания мұнай мен газ конденсатын орта есеппен 26,7%-ға аз өндірді. Ағымдағы жылғы сәуірдің 10 күні ішінде Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.(КПО) компаниясында мұнай өндіру 2,6%-ға төмендеді.

Нәтижесінде, Қазақстанда мұнай өндіру сәуірде 6,5 млн. тоннаға дейін немесе тәулігіне 1 657,0 мың баррельге дейін айтарлықтай қысқарды, бұл ағымдағы жылдың наурыз айынан 15,4%-ға және 2018 жылдың сәуірінен 12,5%-ға аз.

Талдамалық орталық хабарлағандай, үш ірі мұнай-газ өндіруші компания жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін маусым айында Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын орташа тәуліктік өндіру тәулігіне 258,4 мың тонна немесе бір айда 7,8 млн. тонна деңгейіне шықты.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 97 кәсіпорын мұнай өндірумен айналысатынын атап өтеміз. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ең ірі мұнай өндіруші 28,6 млн.-нан астам тонна мұнаймен ТШО болды. Екінші орынды 13,2 млн. тоннамен — NCOC, ал үшінші орынды 12,1 тоннадан астам мұнаймен КПО иеленді.

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының (KazService) деректері бойынша, өткен жылы Қазақстан шамамен 70 млн. тонна мұнай экспорттады, ол $37,8 млрд.-қа бағаланды. Мұнай өндіру саласы мемлекеттік қазынаға шамамен 4,5 трлн. теңге табыс әкелді.

Фото: freestockimages.ru