NCOC КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТЕҢІЗ КЕМЕЛЕРІ ҚАТЫНАЙТЫН АРНАЛАР ЖОБАСЫ БОЙЫНША АҚПАРАТЫ

Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және соған байланысты оның Қашаған кен орнындағы теңіз кешенінің нысандары орналасқан аймақта таяздануы теңіз кемелерін пайдалану мүмкіндігін шектеп, Қазақстандағы ең ірі кен орындардың бірінің толықтай тоқтау қаупін төндіреді.

Мұндай салдарларды болдырмау үшін Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы теңіз кемелері қатынайтын арналар жобасын әзірледі. Бүгінгі таңда бұндай шешім қарастырылған барлық балама нұсқалардың ішінде қысқа мерзім аралығында орындауға болатын жалғыз шешім болып отыр. Оны жүзеге асыру төтенше жағдайларда персоналды қауіпсіз эвакуациялауды, теңіз нысандарының үздіксіз жұмыс істеуін және теңізде 2022 жылы жоспарлы-алдын алу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді.

Жобаның әсер ету ауданы шамамен 29 км2, бұл Солтүстік Каспийдің жалпы ауданының 0,036% аспайтын аумақты құрайды. Жобаны жүзеге асыру барысында ең озық қолжетімді технологиялар пайдаланылады.

Жоба Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес әзірленген. 2019-2020 жылдары жұмыстардың жүргізілуі жоспарланып отырған алаңның бүкіл аумағында аялық экологиялық зерттеулер жүргізілді. Зерттеулер қоршаған ортаның барлық компоненттерін, соның ішінде бентосты, сонымен бірге балықтардың миграция жолдарын зерттеуді қамтыды.

Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес 2020 жылғы 21 қыркүйекте жұртшылықты алдын ала хабардар ете отырып және белгіленген тәртіпте жергілікті атқарушы органдардың, жобалау ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, мүдделі жұртшылықтың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Шараға 120-дан астам адам, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен жұтшылықтың белсенді өкілдері қатысты. Қатысушылар барлық сұрақтарына қоғамдық тыңдау барысында және Жайық-Каспий Орхус орталығы арқылы жазбаша түрде жауап алды.

NCOC компаниясы қоғамдық тыңдау қарсаңында жұртшылықпен анағұрлым ашық және белсенді диалог жүргізу үшін 2020 жылғы 7 қыркүйекте жеке бастамасымен жобаның ҚОӘБ материалдары бойынша дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге экологиялық үкіметтік емес ұйымдардың 16 өкілі және эко-белсенділер қатысты.

Жоба тәуелсіз сарапшыдан және балық шаруашылығы (ихтиология) саласындағы ғылыми-зерттеу орталығынан оң қорытындылар алып, мемлекеттік экологиялық сараптамамен келісілді.

Жобалық шешімдерде қоршаған ортаға әсерді азайту жөніндегі іс-шаралар көзделген. Аялық зерттеулерге қосымша ҚР экологиялық заңнамасының талаптарына сай тиісті экологиялық бақылау мен әсер ету мониторингі жүргізілетін болады.

РЕДАКТОРЛАРҒА АРНАЛҒАН АҚПАРАТ:

«Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясы (НКОК) 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім (ӨБК) мен оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шеңберінде консорциум құрамындағы жеті серіктес компания атынан көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жұмыстарының операторы ретінде қызмет атқарады.

Солтүстік Каспий бойынша ӨБК шеңберіндегі мердігерлік учаскенің аумағы 5 600 шаршы км құрайды және Атырау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 80 км қашықтықта орналасқан Қашаған алып мұнай кен орнын қамтиды. Сонымен қатар учаскеде Ақтоты және Қайраң кен орындары бар. Консорциум мүшелерінің жобадағы қатысу үлестері: ҚМГ Қашаған Б.В – 16,88%, Аджип Каспиан Си Б.В. – 16,81%, ЭксонМобил Қазақстан Инк. – 16,81%, Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В.- 16,81%, Тоталь ЭиП Қазақстан – 16,81%, ҚҰМК Қазақстан Б.В. – 8,33%, және Инпекс Норт Каспиан Си, Лтд – 7,56%.