Маңғыстау облысының тұрғындары үшін NCOC жаңа спорт кешенін салып берді

«НортКаспианОперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы жаңа көпфункциялы спорт кешенін салып, Маңғыстау облысының Маңғыстау-5 кентінің тұрғындарына табыс етті деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Үстіміздегі жылдың 5 шілдесінде Қашаған кен орнын игеріп жатқан Солтүстік-Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы  Маңғыстау облысының Маңғыстау-5 кентінің тұрғындарына жаңа көпфункциялы спорт кешенін табыс етті. Бұл құрылыс инфрақұрылым жобаларын және әлеуметтік мақсаттағы жобаларды іске асыру шеңберінде салынды. Ұйымдастырушылар салтанатты іс-шараны қазақстандық мұнайдың 120 жылдығына орайластырды.

Жаңа көпфункциялы спорт кешені дене шынықтырумен, спортпен айналысуға және өңір халқын сауықтыруды ұйымдастыруға арналған екі қабатты заманауи ғимарат болып табылады. Бұдан басқа, мұнда ауқымды спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге болады.

«160 орынға есептелген жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінде шағын футболдан, баскетболдан және волейболдан жарыстар ұйымдастыру үшін алаңдар қарастырылған», – деп атап көрсетіледі компанияның хабарламасында.

Сонымен қатар спорт кешенінде жаттықтыру залы, шешінетін бөлмелер, душ та бар. Үстел үсті ойындарына арналған кластар, сол сияқты әртүрлі спорт түрлері бойынша жаттығуға арналған залдар бар.NCOC ғимаратты жиһаз жинақтарымен және негізгі құрал-жабдықтармен жарақтады.

«Тиісті материалдық базаны ынталандырусыз және қолдаусыз спортты дамыту және жоғары нәтижелерге жету мүмкін емес. Мұнда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де ерекше роль атқарады. Мұндай жұмыстың жарқын мысалы бүгінгі объект – Маңғыстау-5 кентіндегі спорт кешені болып табылады.Өңір тұрғындарының спортпен қолайлы жағдайда айналысу мүмкіндігі пайда болғанын көру қуаныш», – деді жаңа спорт кешендерін таныстыру салтанатты рәсімі кезінде NCOC компаниясы басқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаев.

Оның пікірінше, бұл денешынықтыру-сауықтыру кешені жергілікті спортшылардың өз шеберліктерін ұштауына көмектеседі және «біздер осындағы балалардың даңқты жеңістері мен марапаттаулары туралы еститін де боламыз».

Баспасөз қызметінде «NCOC компаниясы үшін бұл бұқаралық балалар-жасөспірімдер спортын, салауатты өмір салтын дәріптеуді және халық арасында денешынықтыуды дамытуды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырудағы кезекті қадам» екендігін атап өтті. Компания өзінің қызмет етуі уақытында Атырау және Маңғыстау облыстарында инфрақұрылымдық және әлеуметтік мақсаттағы 200-ден астам объект салды.